Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  126


Автор: Нұрлан МƏУКЕН

Сiздi көрдiм....

Сiздi көрдiм,
Түсiмде Сiзді көрдiм –
Төбеме кеп түнерген күздi көрдiм.
Аспан жаққа алаңдап, аңқам кеуiп,
Бəлкiм, тағы бiр ғасыр үздiгермiн…
«Не айтасың, – дедiң, – не айтасың?»
Тiл ұшында қалған сөз, мұңайтасың.
Көрдiм мен көкiрегiмнен кептер ұшып
Кеткенде кердеңдеген түн ойқасын.
Бақтым да қараңғының қас-қабағын,
Мың шауып ала алмадым тас қамалын.
Көзiмнiң жарық нұрын жайдым сосын,
Болмады басқа амалым.
Сiздi көрдiм,
Түсiмде Сiздi көрдiм,
Қызыл суы жүгiрген мұзды көрдiм.
Қызыл сирақ күнiмнiң белгiсiндей
Мұз бетiне мөрленген iздi көрдiм.
Немдi айтамын,
Мен Сiзге немдi ашамын?
Жұмбағы мол жүрекке тең басамын.
Жүгiм ауып қалғанша, күнiм ауып,
Тулап жатқан теңiзге көл қосамын.
Тұз-дəмiмнiң татамын бұйырғанын,
Миға – нəр, жүрекке əл боп құйыл, қаным.
Қара жолдың бойына қар жауғанда
Қара шаштың көре қал сұйылғанын…
Сiздi көрдiм,
Түсiмде Сiздi көрдiм –
Баяғы баяны жоқ қызды көрдiм…
Баяғым бағзы заман болғанынша
Мың жылап, он ойланып, жүз күлермiн…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу