Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  160


Автор: Ұмтыл Зарыққан

Жалғыздық

Маңайым меңіреу,
Құз жартас,
Түксиген, түнерген қабағы,
Жұтып бір алардай тұңғиық жанары.
Күтеді мені ескі сүрлеулер...
Сүңгимін тұманға,
Сүңгимін жолдарға жаралы.
Бір биік əдемі əлемді аңсаймын,
Жанымның шыңына дауысы жететін.
Өлімді көңілді қарсы алып,
Өмірден өксімей өтетін.
Жылатып сөнген күн шапағын,
Бəлкім бұл оралмас сапарым...
Ал, мені бұл қоғам ұмытқан,
Оның да бағасы шамалы.
Бейуаздың қан сіңген қолымен,
Ізгілік жайлы жыр жазады.
Ең ұлы сұлулық ‒ шынайылық.
Сүйемін даланың гүлдерін.
Ал, маңым ‒
Көлгірсу, ұсақтық...
Сөгеді көбесін іргемнің.
Жыр жазам,
Бүрлейді ол тасада,
Қара өлең киелі қанатым.
Тəңірдің сөзі жүр аспанда,
Мен оны жұлдыздан қашадым.
Мен оны жаздым да іңірде,
Таң алды кеудеме құлаттым.
Иімес пенделік күбірге,
Парағы ол ақ тісті кітаптың…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу