Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  84


Автор: Ұмтыл Зарыққан

Тағдыр

Жоқ менде махаббат,
Жоқ менде бақыт та,
Бəрінен тұл қалғам, кешіккем,
Осылай ашылған өмірлік əліппем.
Əкемді тағдырға талатып,
Анамды жұтқамын бесіктен.
Екі иық үгіліп,
Қос тізе тілініп,
Жəудіреп босаға-есіктен.
Күнəсіз балалық есімде,
Ол да алыс туған жер төсіне көмілген.
Менікі емес қой ол ел де,
Менікі емес қой ол жер де,
Жалауын жат қолға құлатып,
Шырағын бір жола сөндіргем.
Жалғанбай қалған бір жолдардан,
Жағылмай қалған бір оттардан,
Жоқ менде бір туған қарындас,
Бауырым баяғыда тас болған.
Ағамды ағызып кеткесін ағындар,
Көрінген жұлатын жұлымыр жағам бар.
Бір үзім нан үшін жегілген жаным бар,
Бір жұтым су үшін сатылған арым бар,
Шырқаусыз қалған бір əнім бар,
Тыңдаусыз қалған бір зарым бар.
Жоқ менде махаббат,
Менде жоқ бақыт та,
Сорым бар таңылған бесіктен.
Қанды көз бораны мұзға орап соғатын,
Мен туған желтоқсан жаңбырлы болатын.
Дауылдар тұрса да, алағай-бұлағай,
Қарғысқа төселген жолыма қарамай,
Досым жоқ жанымнан табылар,
Жарым жоқ алыстан сағынар,
Суынып қалса да жүрегім,
Тілініп тозса да табандар.
Жанымның түбінде сөнбеген сəулемді,
Жанарым ішінде өлмеген отымды,
Жадыма медеу ғып,
Мен осы сапарға бел буғам.
Жоқ менде басқалай ештеңе,
Жоқ менің меншігім, мекенім,
Езуде досымның күлкісі.
Өңімде дұспанның табасы.
Тумаған анамның шашындай қобдырап,
Болмаған əкемнің жүзіндей тым ескі,
Қараша аспанға қол созып,
Қасат қар астында қамыққан,
Мен бір түп жусанмын...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу