Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  114


Автор: Ұмтыл Зарыққан

Жұмағұлдың«ағаш аты»

Қоп-қоңыр кеш.
Дала жаңбыр.
Жылаған...
Қараша үй.
Қария отыр,
Алдында шай суыған.
Сəлден кейін күй төгілді
күңірентіп күн астын,
Санай-санай қабырғамды сөгілтіп,
Жұла-жұла жүрегімді суырған.
Қандай ауыр,
Қандай ащы бұл қағыс?!
Жеткізе алар тіл емес,
Айтқыза алар сөз емес.
Алқара көк аспан жақта азынап,
Ұшады екен ақ боз атты бір жігіт,
Періште иə, пері емес.
Сол қазақы еркіндік қой,
Сол далалық азаттық.
Ұшады екен...
Жер бауырлап жүргендерді мазақ қып.
Ұшады екен...
Қоңыр желге таратып ап кекілді,
Түмен бұлттар табанында тапталып,
Тұяғынан жұлдыз жауған секілді.
Ұшады екен...
Қарайламай,
Алаңдамай,
Тым асқақ,
Ұшады екен түн бауырын құлаштап.
Ұшқырлығы желден жүйрік секілді,
Құс жолы оның қыл құйрығы секілді,
Сол қазақы жомарттық қой!
Сол далалық мəрттік қой...
Ал, топырақ тартады кен,
Тартпай қайтсын тереңдік.
Шебер жігіт жерге түсті –
Көрге түсті дұрысы
Түсірді оны жер бетіндік кереңдік.
Домбыра мен ақ боз аты қос қанаты секілді,
Тағдыры оның таңда жауған құс қанаты секілді,
Бір қанаты күй боп сіңіп шанаққа,
Бір қанаты аспан асқан деседі...
Қандай ауыр,
Қандай шерлі бұл қағыс?!
Хабар айтып жатқандай ма түнге алыс.
Ал ақ боз ат айналып жүр аспанда,
Қонар қашан өз иесін тапқанша.
Шай суыған.
Дала тыныш.
Жаңбыр тынған секілді,
Момақан түн тауға асылып жусап тұрған секілді.
Шаңырақтан туған жұлдыз –
Ақбозат
Жұмағұлдың ағаш аты секілді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу