Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  110


Автор: Ұмтыл Зарыққан

Қайран өлең....

Қайран өлең,
Қайран саз,
Қайран арман...
Қылаң етер,
Құбылар,
Құба қырдан...
Таңдайдағы мына жыр хатқа түспей,
Домбыра шанағыңа тұна қалған.
Мен бірақ сол шанақты
қаға алмадым,
Сағасын сылап перне
таға алмадым.
Иімей қойды менің шерлі кеудем,
Желіні құрлы болмай қара нардың.
Құбыламдай қастерлі басқа заңнан,
Тарихым ғой ол менің тасқа жазған.
Жұлдыз біткен өлең боп өрілетін,
Қоңыр түн.
Қоңыр дала тартқан саздан.
Қоңыр күй,
Қоңыр өлең – қос қанатым,
Осы еді аламанға қосқан атым.
Қоңыр қыздың күйінен жусан аңқып,
Тарқатыла қалатын қос қара түн.
Жусан – қыз.
Жусанды өлең,
Жусанды өңір,
Бөрте қыр бауырында бусанды өмір.
Беймезгіл боқырауын соқты да ғы,
Бозарып қалды содан тұмса көңіл.
Сол тұманға тұншықпай арылғым бар,
Сол жусанның бүрінде тағдырым бар.
...Жер бауырлап барады жетім өлең,
Неге мені қанатсыз қалдырдыңдар.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу