Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  100


Автор: Ұмтыл Зарыққан

Арқаның ақ жауынындай мөлдірім...

Арқаның ақ жауынындай мөлдірім,
Көздеріңнен үзілердей өмірім.
Сарыарқаға жауған қардай кіршіксіз,
Қайран, менің көңілім.
Қайран, Арқа ауасындай жұпарлым,
Құмарыңа қана алмай бір жұтармын.
Құрығынан құтылғандай тағдырдың,
Бұрымыңдай тарқатылса шынар күн.
Домбырамның бұрай-бұрай құлағын,
Ағыта алмай қойдым көңіл бұлағын.
«Қара торғай» қанатына хат байлап,
Кер бестінің жалын талдай сыладым.
Күйі терең,
Сазы самал,
Байтақ ең...
Сол далада тусам деушы ем қайта мен.
Шанағы бір шаңға бөккен домбыра ем,
Сендей күйші жолықпаса қайтер ем.
Көңілімнің ішектері үзіліп,
Тұрар ма едім керегеде ілініп.
Жылар ме едім жанарымнан жас тамбай,
Сынар ма еді шабақтарым үгіліп?
Енді міне қоңыр күйім бебеуле,
Тоғытылып тұра бермей көгенде.
Қоңыр қойдың ішегінде – қоңыр жыр,
Қозыдай мұң жамырайды өлеңде.
Өлең не ол?
Мынау, жалған фəниде,
Салмақ кетіп самал қалды əр үйде.
Ал, домбыра, қу ағаш қой ол да бір,
Сендей күйші жолықпаса, əрине…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу