Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  86


Автор: Ұмтыл Зарыққан

Жаңбырлы маусымдай жылаған...

Жаңбырлы маусымдай жылаған,
Сүйемін мөп-мөлдір көзіңді.
Мен қалай жырламай тұралам,
Күйіңдей қоп-қоңыр өмірді.
Көңілдің бар кірін шайған соң,
Сап таза əуенмен тыныстап.
Шалдай боп отырам шайдан соң,
Шекесі жазылған тырысқақ.
Қарашы,
мен жүрген жолдарға
Табаны таусылып шаршаған.
Күзгі аспан толады қаздарға
Базары тарқаған...
Сол күйді қайта бір басташы,
Жетілмей тым ерте үзілген.
Жасыңды төгіп бір тасташы,
Көзіңе тым терең көмілген.
Сол күйді қайта бір қайыршы,
Таулардың сүйегі сырқырап.
Көшеді түнгі аспан бұлттары,
Жылқыдай шұрқырап.
Сен алғаш əуенмен жуылдың,
Жаныңды сол ғана жұбатпақ.
Сен осы күймен бір туылдың
Домбыра құшақтап.
Жаңбырлы маусымдай жылаған,
Сүйемін кіршіксіз көзіңді.
Сен шерткен сол күйге жұбанам,
Іздеймін жоғалған кезімді...
Көңілдің күйін бір бұрашы,
Көмейде қорғасын балқыған.
Сол Ханның алдына апаршы,
Ажалдың иісі аңқыған.
Қара нар иісін елсізде
Қасқырға ботасын алдырған.
Сол кездің куəсі сенсің бе?
Жадымда дауысы жаңғырған…
Білер ме бұл ұрпақ кімдігін?
Тамыры тереңге құлаштап.
Күйменен кесер ме кіндігін,
Туар ма домбыра құшақтап?!.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу