Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  157


Автор: Ұмтыл Зарыққан

Домбыра, сен де жетім, мен де жетім...

Домбыра, сен де жетім, мен де жетім,
Өмір қалды қоңсытып сөнген отын.
Аңырап Алаш қалды ана жұртта,
Ақ сүтін емірене емген едім.
Домбыра, дала тілдес боздасым ең,
Сөзіме салдым салмақ қорғасынмен.
Шыға алмай шерге тұнған шанағыңды,
Суарып қоям үнсіз көз жасыммен.
Дүние-ай, ескі əуенге шөлдедім көп,
Аңсаудан ауыр азап көргенім жоқ.
Сыңарын қанатымның сабалаймын,
Жасыл шар сені сазбен тербегім кеп.
Домбырам, оң бұраулы, сол бұраулы,
Шанағы шыға біткен омыраулы.
Мен шығыстық шайырмын дертіміз бір,
Менде сендей тереңмін шыңыраулы.
Күй болып көкіректен көшкен мұнар,
Ғасырлық сағынышты еске салар.
Қанаты қоңыраулы көшке ілескен,
Қайда сол Қаратаудан ескен самал?
...Бұл күнде төбелер көп тауларым аз,
Сусатты назы бөлек сусамыр жаз.
Сарылып жатқан мынау Сарыарқа ма,
Қонар ма сыңсып ұшқан сар бауыр қаз?
Көк аспан қара жерді ұластырып,
Көн шанақ көскен сайын құлаш ұрып.
Маңдайы айға оранған ақ боз үйдің,
Боздайтын түңілігінен түн асылып.
Баурыма баса түсіп кең даласын,
Зарлы бір сазға қосыпып шер наласын.
Қос ішек, сен боп жалғап көрсем деп ем,
Қос бесік өмір – өлім екі арасын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу