Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  94


Автор: Ұмтыл Зарыққан

Күй

Кəрі саусақ,
Күй бастады,
Қорғалап...
Жеткен үн ғой,
Ұзақ сапар,
Жол қажап...
Менің жырым – Алтай асқан қаршыға,
Сенің күйің сұңқардайын сорғалап.
Жеткен үн ғой,
Толқын ұрып,
Жал қажап...
Күйден-күйге көштің тағы қоңырлап,
Қоңыр түнде қорғасындай ауырлап.
Сұңқылдайды үн...
Саусағыңнан сорғалап.
Отырмын мен қос қабырғам саудырап.
Күмбір-күмбір, күмбірлеген күллі ырғақ,
Шымыр-шымыр, шымыр етті жанды улап.
Жанған шамдай жел үрлесе дір етем...
...Өлмепті сөз!
Күйде əлі тірі екен.
Алдына алған алты құрлық аймақты,
Бақ тайса да, алаштан күй таймапты...
Кəрі саусақ көн шанаққа қағылса,
Ешкі ішегі сөйлеп отыр абызша...
Күйден-күйге көше бердің ауырлап,
Көшеді бұлт қара жерді бауырлап.
Ықылым бір заманадан жеткен үн,
Көшелерді шайып өтші шуылдақ.
Қобыз текті қайран, қоңыр домбырам,
Жеттің маған болса да алыс жол бұраң.
Алашымның аруақты даласын,
Жұпар күйің енді қардай борасын.
Жолдарым бір тоғысар ма бөлінген?..
Ботасымен қауышар ма бозінген?..
Жеті жұрттың сөйлесем де тілімен,
Жеткізе алмай қойып едім бұны Мен.
Ей, екі ішек, енді мен боп боздашы,
Екі көзден үзілген...
Ей, ащы ішек, бозжусан боп бұрқыра,
Өмір керек!
Рухың керек!
Ұлтыма.
Шертші қане,
Шерге де бір тояйын...
Келші қане,
Үкі қадап қояйын...
Жүзші қане,
Аппақ бұлттар ішінде...
Алтын қанат аққу құсты пішінде.
...Үкілі бір домбырасын көтеріп,
Үкілі қыз көп кіреді түсіме.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу