Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  104


Автор: Ұмтыл Зарыққан

Боздақ

Он сан Алаш тұсында,
«Абылайлап» таң атқан,
«Абылайлап» күн батқан,
Тар құрсақты анадан,
Таудай болып туылып
Тəңірі текті жаратқан.
Арқада тұрып алқына
Адырнасынан ағытып,
Қытайға кекті оқ атқан.
Орманын нулы ойратып,
Қаласын шулы қиратып,
Төрт тұяқтыны тулатып,
Күнбатысты күңіренте,
Күн түбіне жол артқан.
Аспан текті далада,
Маңдайы айдай нұрланып,
Абызы терең толғатқан.
Қолына болған қаруы,
Жолына болған жарағы,
Нөкері талмай түн қатқан.
...Көктемгі бүрдей көгерген,
Төрт құбыламды теңерген,
Хан Абылай тұсында:
Жағамды жыртып жау алмай,
Арнамды бұрып дау алмай,
Қылышым қынға сұғылмай,
Көйлегім қаннан жуылмай,
Кескілескен дұспанның,
Кеудеден жаны шырылдай.
Елім елше күнелтіп,
Ерім бөріше түн жортып,
Көкшені күнге сүйдіріп,
Арқаның белін идіріп,
Оң иығымда – Қаратау.
Сол иығымда – Алатау.
Айбатымды асырып,
Айламды ішке жасырып.
Ер түркінің тұқымы,
Ер Шыңғыстың рухын,
Жарты əлемге жаңғыртып,
Жатқан бір дарқан ел едім!
Шағала шалқар көл едім!..
Ажал бір айтпай жеткенде,
Сапарға қайтпас кеткенде,
Дүния бастан пыр ұшып,
Хан Абылай өткенде:
Жігерімді жер қылдым,
Шаттығымды шер қылдым,
Көзімнің жасы көл болдың,
Хан Тəңір қаққа айрылып,
Алтайды төртке бөлдірдім.
Азу тісі қағылған,
Арландай ащы ұлыдым.
Қыл арқаннан қиылған,
Құлындай болып шыңғырдым.
Ата бір дұспан асқан соң,
Абдырап елім сасқан соң,
Қойнымнан алып жарымды,
Алдына салып малымды,
Шығармай алып жанымды,
Он саусағыңдай жұмылған,
Өзіңнен қалған Он Алаш,
Алты Алаш болып арыдық.
Жат бауыр тартқан қияға,
Суып бір қалған ұяға,
Тəуелді рухым қона алмай.
Таңында арең атырып,
Күнінде зорға батырып,
Қарны бір тойса қуанған,
Тексізден төре тайраңдап,
Тайтұяқ жұтып пара алған,
Мойнын да қаны бодаусыз,
Ақиқат судай сұраусыз,
Жиырма бір дейтін қатыгез,
Қабағы күрең ғасыр да,
Қайыра қайта жыл санап,
Қария таудай күңіреніп,
Қаныммен жазған жырыма,
Қайран да, көңіл толар ма?
Торғыннан жібек кидіріп,
Торқадан белін будырып,
Тоғыз ай елін күттіріп,
Тоқсан да қатын толғатса;
Алты Алаштан алпыс ер,
Үш жүзімнен үш жүз ұл,
Жолына құрбан аталса,
Қапыда кеткен қасқалар,
Қапыда кеткен қасқалар,
Қайранда орның толар ма?
Қайранда орның толар ма?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу