Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  94


Автор: Ұмтыл Зарыққан

Қарашығым....

Қарашығым,
Жазады жүрегімнің
жарасын кім?!
Иендегі иесіз өлеңдеймін,
Сайғағындай сарғайған моласының.
Қарашығым,
Мен жетім жағалаумын қаз аңсаған.
Сен киелі шанақсың саз аңсаған.
Күмбездей көтерілсең көкжиекке,
Қолымды күн астынан созам саған.
Қарашығым,
Бал мен қатар өмірдің уын іштім,
Домбыраңдай түсінбес сырымды ешкім.
Бір сағыныш еңсемді көтертпей жүр,
Қара түндей ауырлап күрсінісім.
Қарашығым,
Қанатым талса бұтаң қондыра ма?
Соңғы жұлдыз сəулесі сөнді жаңа.
Өмірімді күй ғылып əспеттеші,
Жүрегімді тиек қып домбыраңа.
Жібек болсаң жаныма жамылайын,
Түнек болсаң шырақ боп жағылайын.
Күй аңсаған кеудемді күмбірлетші,
Сағасына ішек боп тағылайын.
Қарашығым,
Кірпігімнен жас құлар сəл ырғасам,
Аспандай боп ашылам жаңбырласам.
Тоқсан тоғыз күй болып төгілер ем,
Менің тоғыз пернемді басар болсаң.
Қарашығым,
Сені аңсаумен шөлдеді шырайлы өлкем,
Жел ғып аңыз айтады біз жайлы ертең.
Алла адамға керемет сый берерде,
Алдыменен осылай сынайды екен.
Қарашығым,
Құста келді өзіңнен келген хаттай,
Жылуы жоқ жалған бұл сөнген оттай.
Басымды сүйейінші... саған келдім,
Мынау жетім ғаламнан мекен таппай.
Қарашығым..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу