Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  124


Автор: Ұмтыл Зарыққан

Біз ертеңге жететін жетім жолмыз...

Біз ертеңге жететін жетім жолмыз,
Жолбарыстың етімен жетілгенбіз.
Түрмеден түнделетіп жолға шықтық,
Аңсаймыз бір жорықты өшінген біз.
Естілді ескі əннің қайырмасы,
Қасымдағы алты дос қайғырмашы.
Белімдегі беренге жарқыраған,
Аспанда тамып тұрды Айдың жасы.
Сұр жылан өрмеледі азап шыңға,
Менің даусым нəн даусым азатшыл, ə!
Біз жетеу ек –
Аманат тағдырымыз,
Аспанда жеті жұлдыз Қарақшыға.
Ұмытып өкінішті, күрсіністі,
Бетке алып сапар шектік күншығысты,
Өз бетін тырмалаған, Қызыл көздер,
Тыпырлап тымық түнде тұншығысты.
Кім білсін?..
Олар тағы жеңер бізді,
Соңғы рет жарқ еткенде семсер жүзі
Жеті жұлдыз жанына жерлеп қояр,
Ай нұрымен арулап денемізді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу