Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  93


Автор: Баймаханбет АХМЕТ

Көлмекөлдің көз жасы

Әз ата, көп білмеймін өзің жайлы
Әйтеуір сөйлемепсің сөзін байдың.
Сойылын соқпай содыр -сойқандардың,
Өтіпсің көруменен көзің қайғы...
Ескермей ағайынның күңкілін көп,
Тыңдапсың жүрегіңнің бүлкілін тек!
Еліңнің азы-тозы болғаны сол
Сөгіпті қабырғаңды бір-біріндеп!
Азалы ел....көзің соны қайтіп көрді?
Әйтеуір назаланып, Ай түптенді...
Білмеуші ем, өзің жайлы шежіреші
Нұрлыбай Жәнкел ағам айтып берді:
«Елінің ұраны еді Қожаберген,
Жерінің жыр-әні еді Қожаберген,
Арқадан ауған ел-жұрт Көлмекөлге,
Сол әнді айтушы еді соза белден...
Әкесі Толыбай ер осы елдегі,
Астына қалы кілем - төселгені...
Басында Гүлтөбенің күнде кеңес
Құрған би, айыр көмей шешен де еді...
Басында - орта жүздің бар дауының,
Таймайтын табанының бар ма бүрі...
Адамды, атты, тіпті құсты сынап.
Болжайтын көріпкел-ді алдағыны.
Қақ жарған қара қылды би көшелі
«Елім» деп елжіреумен күн кешеді...
Ал, енді Қожаберген жырауды елі
Әкеден асып туған ұл деседі...
Іздеген жерұйықты болыпты Асан,
(Онымен егесіп көр қорықпасаң),
Он жеті жаста нағыз ақын болып,
Он жеті жаста аттанған жорыққа сан.
Иә, солай айналған соң бірегейге,
Елі де амандығын тілемей ме!
Бар еді бір басында он-сан өнер,
Әкеден асып туған ұл емей, не!?
Оғылан еді әке ісін жалғап өрген,
Жүктелді жауапты бір мандат ерге,
Жиырма бесінде ордабасы сайлап,
Киізге орап оны ел хан көтерген.
Күттірмей ата даңқы оралды ұлға!
Сүлейдің өтетұғын сөзі арғынға -
Орта жүз биі Әнеттің батасын ап,
Тік тұрып, көкірегіне құран ұстап,
Серт етті ол қылышын сүйіп ел алдында!
Ол күндер секілді бір мұнар көшкен...
Ұл еді ол сүйінерге тұрар дескен.
Әз Тәуке елшісі һәм төбе биі
Болғаны сірә-дағы шығар ма естен!
Шақ келмей шапқанында, шомбал ұлға
Жау қолы қалды жайрап оң, солында.
«Ақ табан шұбырынды...» қасіреті
Мұң-зары өмір бойғы болды оның да.
Осынау қасіреттің жүрді ішінде,
Тәрк етіп ұйқысын һәм күлкісін де!
Найза алды қолына әзіз жұрты үшін де,
Қайралды тағдырының түрпісінде.
Үркіткен басына кеп қонар құсын
Жауына сарқа салған болар күшін:
Тараған он жеті ұлдың кіндігінен
Соғыста шаһит кешіп он алтысы!
Ер баба жіберіпті кімге есесін,
Қабылдап түбегейлі бірде шешім,
Қол бастап сексенінде атой салып,
Қалмақтан арылтыпты Гүлтөбесін!»
Еже хан бір-бір пілте мылтық беріп,
Қазаққа қайрап салды сан түменді...
Қой бағып қырда қамсыз жатқан анау...
Қайтеді көшпегенде халқым енді...
Қазаққа қырғын салды құба қалмақ,
Қолдарын қамсыз жұртты қуа қандап!
Ес жиып, етек жауып үлгермеді...
Шерлі елді бір жұбатса, жұбатар Хақ!
Қызықтап тұрды қарап қытай, орыс...
Қазақтың қаны судай аққанына!
Арқадан үрке көшіп келіп қапты
Сан мұңлық біздің шөлейт жаққа мына..
Иә, солай, жоқ бұл гәптің бір артығы,
Мың-сан көш өткен Көкше құмы арқылы...
Жалғызын жоғалтумен әр отбасы,
Қанқызыл болып батты күн әр күні...
«Қаратаудың басында көш келеді,
Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді.
Ел-жұртынан айрылған жаман екен,
Қара көзден мөлтілдеп жас келеді,
Мына заман қай заман? Бағы заман,
Баяғыдай болсайшы тағы заман,
Атадан ұл, енеден қыз айрылды,
Көздің жасын көлғылып ағызамын,
Елім-ай, Елім-ай».
Ат қалды бүтінделмей тағасы да,
Тап болды қауым жаттың табасына.
Ер баба, күңірене салған әнің
Айналды елдің қасіретнамасына!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу