Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  160


Автор: Баймаханбет АХМЕТ

Тараз, сенің кіндігіңді ғұн кескен...

Тараз, сенің кіндігіңді ғұн кескен,
Содан ба екен аласартпай рухыңды
Жау алдында иілуді білместен,
Бүгінге де бұзбай сақтап ғұрпыңды,
Тарихыңды теңдеп жеттің мың көшке!
Жер қозғалса қозғалмайтын тас бал-бал
Адырая біткен көзі шекеге...
Андағайлап алқапқа аяқ басқаннан,
Әфсаналар жетті содан жетеме!
Құм астында...
Күнікейдей қаланың
Кеудесі өксіп күрсінгенін естідім!
Көз жұмып ем, көр-жер артқан баяғы...
Көз алдымнан керуендер көшті кіл.
Бүр тепсінген кеудесінен бақтардың
Айша арудың қайта оянып күлкісі...
Тарихыңды қазып терең қатпарлы
Бір түсімді саумалайды бір түсім.
Тараз, сенде ...
қағандықтар,хандықтар
Сарайларын тіккен талай самсатып,
Ұлы Жібек Жолыменен бар тұстан
Қойыныңа кеп құйылатын науша құт!
Қазынаңа қызықпаған аз ба адам!
Жанарыңда имани нұр маздаған...
Мұсылмандар бас қойғанда сәждаға,
Ұқсайтынсың кішігірім Қағбаға!
...Азанымен қоса өрілген азабы,
Жиырма ғасыр әспеттелген ғазалым!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу