Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  92


Автор: Баймаханбет АХМЕТ

Ақынша сүю

Өмір сүріп жатырмын ғой елде есен,
Соған да шүкір, елім өссе мен де өсем.
Ақынмын деп, әкімқара қолынан
Ештеңе де алғаным жоқ, бермесем.
Айырылғанда әкемнен, тым балғын да ем,
Сонда да өліп қалғаным жоқ, бармын мен.
«Бүгін де аман екенмін-ау, шүкір» деп,
Қуаныса қауышамын әр күнмен.
Солай күндер өтіп жатыр даң-дұңмен,
Әкімдердің көргенім жоқ алдын кең...
Қай-қайсы да тақияма тар келмес ед,
Үй ме, жер ме? Атақ па? Не алдым мен?
Ел деп, жер деп суға түсем, кешем от,
Махаббатпен сүйем және неше көп.
Ал біреулер... «елге еңбегім сіңді» деп,
Алып жатыр, алып жатыр еселеп!
О, оларда көңіл бөлек, күй де ерек,
Соқыр сана қоғамды да билемек!
Естен тана елін, жерін сүйген бұл
Сорлы ақынның басында бір үй де жоқ!
Дүниенің кірпігіне сүйенген,
Мен – түйір жас... алғыс алам жиі елден.
Жотамды да босатпаймын жүктен бір,
Отанды да алмай-бермей сүйем мен!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу