Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  89


Автор: Баймаханбет АХМЕТ

Бұдан басқа бақытты мен сұраман...

Бұдан басқа бақытты мен сұраман,
Бүгін ғана қолым жетті, міне, оған...
Мына көптің ішінде жүр (қуанам),
Мені сүйіп, түсінетін бір адам!
Менің әрбір қадамыма қуанар,
Мені көріп көңілі көншіп, жұбанар
Екі адамның арасында болатын
Махаббатқа мойынсұнған пірадар!
Көктемге де ұқсатамын өзін бір...
Көз алдыма әкелді жас кезімді,
Күрсінумен жатқан көптен көңілімде
Көсеп-көсеп жіберді де от-сезімді.
Сезім солай жайнап берді шиендеп,
Жүрегімнің шығандады жыры өрлеп!
Іздеп келіп бірер апта көрмесем,
Мойныма да асылады «сүйем» деп!
Менің де ол жан сарайымның ілкі емі,
Жоқ өзінің хор қызынан бір кемі.
Ойнап, о жер, бұ жерімді түртпектеп,
Алпыс екі тамырымды иітеді.
Мен дегенде ниеті жоқ тарынар,
Ерініме ерінінің балы – нәр.
Еркелік, наз, сұлулық па... бойында
Әйелге тән қасиеттің бәрі бар!
Кетіп еді басыма бір қонбай құс...
Мені әйелге құштар еткен қандай күш
Шыққанында аузыма ата сақалым...
Сенер-сенбес халде жүрмін мен байғұс!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу