Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  91


Автор: Баймаханбет АХМЕТ

Өрле, Өскемен! Өс, елім!

Қойнауың қыс - құт, қоналқаң - жазда,
Шоң Шығыс, маған таныс келбетің
Қалихан, сосын Оралхан жазған...
Сендегі ұлы ағыс тербетіп!
Баһадүрлерім байсын өлкенің
Бір сүйемін де жатқа бермепті!
Қалың қолдай боп қайысып өркені,
Қараорман тауға қаптап өрлепті...
Қайығын майлап, күйбеңдеп кержақ...
Омарта баққан оман жұрт еді.
Жетті біз мінген болдырып өрге ат,
Қараусын көрсе, одан да үркеді...
Тұқымы ед бұл бір қасқа құлынның
Орағаң жар сап іздеген де еді...
Қиянға кетіп, асты адыр, құмды...
Қайта оралды енді - бізге көнбеді.
Тосырқай ма әлде, өз қағынан жеріп,
Қосқалы келдім бәйгіге оны...
Тәуекел! Бәрін бағынан көріп,
Дүлдүлдігін де әйгілер озып!
Атымды желіп жүрсе артық көрдім
Тізгіндеп, тіздеп аяңмен келем.
Алдымнан шырша иісі аңқып берді…
Аяулы ед, Шығыс, саяң не деген!
Омырауыңнан есіп жұмақтың демі,
Сабат қойнаулар жылымдай тартып,
Барады жалғыз шырақ түндегі -
Зайсанның қалың нуында ай қалқып.
Өскемен әне-еу, дара сымбаты,
Қойнауы - кеніш, әр тасы қымбат,
Ертіс пен Үлбі сағасындағы
Елімнің меруерт алқасы бұл нақ!
Бұқтырма, Нарын, Қалжыр мен Үлбі
Суына шолп-шолп құлайды күміс.
Жатыр ма кернеп ән-жыр көгіңді,
Шежірелі Шығыс, шырайлы Шығыс!
Құлыншақ кезі түсті ме есіне...
Шұрқырай кісінеп берді атым... кенет!
Өзіңдей асты, үсті несібе
Кенді өңір үкілер бекзатын демеп!
Түскеніне де тәуба өзіңе жолым,
Болған ең көптен бір ғана дертім.
Баурады бірден мені де, оны
Үйіріп әкетті үрзада көркің...
Шығыс-ай, Шығыс! Ұжмақсың өзің...
Көзімді тіпті түнде де ілмедім.
Оралхандарды оятқан сезім
Қонды ма маған... білмедім емін.
Омырауыңнан исің бұрқырайды кеп,
Жаңбыр-көз жасың көгалға сіңді...
Ауылыма енді (бір Құдай білед)
Ораларымды, оралмасымды...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу