Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  88


Автор: Баймаханбет АХМЕТ

Ит жылы

Көк бөрінің тұқымы едің, текті итім,
Табаныңда тапталады көп күйкі үн.
Сен келер деп күттім қанша, ақыры...
Ойда жоқта ашылып та кетті ұйқым!
Ит – қазына, оның сырттан аты аңыз,
Ит жылында көп қой берер батамыз.
«Иесімен қинасын, - деп – итті де»
Аяушылық білдіріп те жатамыз.
Кер кеткендер «Мазалама, ұйқы бер!
Итшілеген өмірің бұл күйкі» дер!
Бес қабат үй балконынан бүгінде
Ісі ілгері кеткендердің иті үрер!
Момын жұртпыз жыл қадірін екшеген,
Тәуір жылды жиі аламыз еске де.
«Құмай тазы шығар» дестік, іргеге
Италақаз жұмыртқалап кетсе де!
Итте де бар кие менен тектілік,
Ал біз оның бар қадірін жоқ қылып,
«Итті мініп, жүрміз ирек қамшылап»,
«Итке темір неге керек» деп күліп.
Үйдің –дағы иті аңдатар күй-тоғын,
Бағзыдан-ақ ата жауы ұйқы оның.
Мақтанса егер қайтқан аңшы аңнан құр,
Ұялғаннан жерге қарар иті оның.
«Иттің сырын иесіндей» біледі ер,
Адалдыққа бастайтұғын жыр өрер.
Өзіне ісі жақпағанның, керек пе,
«Ит терісін басқа қаптап» жіберер!
Бұл жылдың да білінді енді дерегі,
Бір құдайым біледі не берерін!
Залалы жоқ кісіге оның – анығы..,
«Ит үреді, керуен көше береді».
Отбасының күзетер құт-ырысын,
Сүйек-саяқ қана тиер бұл үшін.
Иесіне шынайы адалдығы үшін
Оң көзіңмен қара итке де, Ұлысым!
Тимейді орын текті итіңе төрден де,
Иесіне жағынған ол – шерменде.
Адамға адал серік атам заманнан,
Бәрі де итті сыралғы дос көргеннен.
Тауарихтың төсінде із-белгің қап,
Қосыларсың сен де дәуір-толқынға.
Сені, сені... айналсын деп тілейік,
«Ит басына іркіт төгілер» жылға!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу