Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  118


Автор: Баймаханбет АХМЕТ

Туған үй

Туған үй, тумаларын таусыла іздеп,
Жыр болып жетті Есенин дауысы бізге.
Сарғайған сардар ақын сағынышы
Қалды екен қайсы көктем, қайсы күзде?
Аңсадым туған үйді мен де, міне...
«Жетпейді мұндағы өмір елдегіге»
Деп қоям құрдасқа... ащы кекесінмен,
Ал бұл ой бұрын басқа келмеді ме?!
Туған үй секілді еді қоңыраулы ән,
Ақ сүті ақтарылып омыраудан
Тұр ма екен... төрінде бір аунап-қунап,
Шығатын күн бар ма екен, о, құмардан!
Құштармын оны тағы бір көрмекке,
Көзімді суармаққа гүлді өрнекке.
Туған үй жылуын сезіп, демін жұтып,
Жоқ менің өткен күн мен түндерге өкпем.
Берермін алдияр қарт-атаға қол,
Болса аман оған мені апарар жол.
Туған үй – менің кіші планетам,
Әкемнің есімімен аталады ол!
Адамдар жолға шығар сабылысып,
Көңілі алабұрта алып-ұшып...
Пойыздар, автобустар, ұшақтармен...
Жетелеп туған үйге сағынышы...
Тисе дер туған үйге, елге себім,
Көбейсе, көбейсе екен елде Есенин.
Туған үйге өршіген сағыныштың,
Әйтеуір, жоқ секілді жерде шегі...
Шымырлар жүйе-жүйкем солқылдап бір,
Сағыныш, менің үшін ол – қымбат жыр!
...Ауылдың шетіндегі сол бір үйде
Білтесі ондық шамның қол бұлғап тұр




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу