Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  194


Автор: Баймаханбет АХМЕТ

Тараз

Жауһар қала, жиырма ғасыр жасаған,
Тарихыңды сенің тастан қашаған.
Жотаңдағы жосылған із, мың жолға
Мен де, міне, қосылдым кеп тасадан.
Құндағыңда уайым ұмыт, мұң ұмыт...
Жұмбағың да көп қой... жатыр кім ұғып.
Бір жағыңда - жеті қат жер қойнында
Жатыр жартың... үні-даусы құмығып!
Жер астында жатыр жартың – ұлылық,
Қапияда кеткен көзі жұмылып.
Тұрған тамшы көз жасы ма ең, Таразым,
Дүниенің кірпігіне ілініп!
Сенің әлі басыңнан көп өтер сын,
Абат баққа айналып та кетерсің.
Жер астында қалып қойған жартыңнан
Қауыз жарып... өніп шықтың ба екенсің!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу