Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  102


Автор: Баймаханбет АХМЕТ

Тыншып, міне, кірпігім де ілінді

Тыншып, міне, кірпігім де ілінді
Естіп сенің қамқор, қоңыр үніңді...
Көңілді етіп құтханамды - үйімді,
Жеңілдетіп жібересің жүгімді...
Шаңырағымда қалыпты бір шам сөнбей
Жүргенінде мейірімге жан шөлдей...
Енді еш жерден іздесем де таппаспын
Анамды алмастырған жанды дәл сендей!
Аяулым-ау тәні – таза, ойы – асыл,
Сенде анаммен ұқсастық бар, тоба, шын!
Кәдімгідей ақыл айтып, мені де
Оқта-текте «тәрбиелеп» қоясың!
Аналар-ай, алмайтұғын бір демін,
Дауыл шайқап кетпесін деп іргені!
Үйді жиып, кірді жуып, ас қамдап,
Өне бойы күйбіңдеумен жүргені!
Ұрпағы үшін от құшуға шақ қалып,
Жүрегінің бар жылуын ақтарып...
Жатыр сол бір ана атқарар міндетті
Бірі кетсе, екіншісі ап қалып!
Аналарды мойындамау – зор күнә!
Қамқор болып жүрсін деп мен сорлыға
Мейір, пейілін түгел беріп, анашым
Сені тастап кеткендей өз орнына!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу