Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  118


Автор: Баймаханбет АХМЕТ

Отыз жас

Ойынымыз оңбай осылды,
Оралмасын оның бек ұқтым.
От ала алмай, о, сұмдық,
Отыздан асып кетіппін!
Орманнан жүр ем от іздеп,
Арманмен жүр ем «жоқ» іздеп...
Ойларын отсыз кеуденің
Ойрандап кетті Отыз кеп!
Не дейін құрбы-құрдасқа
Бұйырмай жүрген бір дастан.
Отыз жыл бойы булыққан
Жанартау болсам, бір басқа!
Не дейін енді, не дейін...
Көбеңсіп қалды көп ойым.
Кешірер ме екен бұл Отыз,
Отызға боппын өгей ұл.
Ол басқа екен, мен басқа...
Батады бұл жай жамбасқа!
Ұлыма үміт артсам ба
Үш жастан енді-енді асқан.
Қараймын оған қуанып,
Қараймын оған жұбанып.
Отыз да жылдың өтеуін
Қайырып берсе, құба-құп!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу