Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  69


Автор: Баймаханбет АХМЕТ

Керегің болмай ешкімге...

Керегің болмай ешкімге,
Ауыл, адыра қалдың ба,
Алмасып күрең кеш түнмен,
Әніңе мұңлы салдың ба?
Қалдырып сені бір шетте,
Алқам да салқам күйіңде,
Тағдырын ұйқы-тұйқы еткен
Ілесе көшті құйынға ел.
Аңсармен асанқайғылау
Жатпай-ақ еркін көп тіздеп,
Сенен де гөрі жайлылау
Жер бар деп, соны кетті іздеп!
Бауырыңнан өрген ұл-қызың
Кетті де күйттеп тірлігін,
Көгіңде жылап жұлдызың
Көбейтті көңіл кірбіңін.
Ауыл-ай, ауыл...төсі-құт,
Өзіңе аңсай жетеді ұл.
Енді есін жиды...кеш ұғып,
Жерұйығы өзің екенін!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу