Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  69


Автор: Баймаханбет АХМЕТ

Қайтейін-ай, ел-жұртымның тілі ардақ...

Қайтейін-ай, ел-жұртымның тілі ардақ
Оңалмауға қарады.
Қазақия қиырына шығандап,
Желмаядай желіп, маңып барады…
Кещелерден тапты-ау, ақыры қор күнін...
Таңбасымен таста қалып Тоныкөк.
Көзі-басы көкпеңбек тіл сорлының,
Бұдан әрі жүретұғын жолы жоқ!
Қарлықты үні, қарата алмай кереңді...
Қапияда қамалғандай, рас, торға.
Барар жері, басар тауы жоқ енді


Айнала ма тасқа ол да!
Қиқу қосып қуды аулаққа қазағың,
Құлан сынды жеріген өз қағынан.
Енді өзінің көрін өзі қазады,
Түсті-ау қайран патша-тілім тағынан!
Көзінен жас ағыл-егіл тамады,
Қаңтарылды, қанаты отқа шарпылды.
Оны, ақыры, сиғызбады қоғамы,
Қолда барда қадірі жоқ алтынның.
Шоқпыт-шоқпыт күпі киіп үстіне,
Түсіп алып сорапқа сол баяғы...
Көріп құқай, теперішті «күштіден»,
Шағынуға Абайды іздеп барады!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу