Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  86


Автор: Баймаханбет АХМЕТ

«Тәукей шеңгелі»

Тұсыңнан Талас омырау ұрғылап,
Өрекпіп өтер күнде ағып.
Қоңыраулы шеңгел, қоңырауыңды қақ,
Желменен бірге ырғалып!
Қоңырауларыңда-даланың үні,
Күңірене күмбір қағады.
Нуыңды кезген бала күнімді
Есіме жиі салады.
Тұрмысың таңда «ұрып дабылды»,
(Түз төсіндегі ай таңба ең)
Дүр етіп өнер ұрық-дәніңді
Қауашақтарыңда шайқаумен!
Құбақан кеште құбыла беттен
Естуші ек әлди, уілді.
Бармадық Еспе құмына көптен
Төктің бе тағы гүліңді...
Өлкеме шырай-өң беріп едің,
Көркіңе көңіл жұбанды.
Сенгенім едің, шеңгелім менің,
Шөлейтке, шөлге шыдамды.
Күмбірлеп көп-көп қоңырауларың
Күреңіткен нуым түздегі,
Сөніп арманың (өмір-ау бәрі)
Түзде өніп, жаттың түзде өліп!
Бірі едің ертек-естелігімнің,
Жаңғырттың түзді, орманым.
Әлемі шексіз көшпелі құмның


Жерімнің –дағы қорғаны.
Шұғынық гүлдер өспейді мұнда,
Шеңгел бар, соған шүкір де!
Шеңгелі барда көшпейді құм да,
Өшпейді қырда түтін де!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу