Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  88


Автор: Баймаханбет АХМЕТ

Сағынышымның түсі

Сағынышымның түсі сап-сары екенін білем мен!
Қайғы мен мұңның қап-қара түсі... түнерген.
Арманның түсі – ақ, адамның жанын алуан түс
Нұрлы бастауға айналдырып-ақ жіберген!
Адамның жанын нұрландыратын түстерге
Жалынын тосар, қуатын қосар күш кемде,
Ашумен келем құшағымды мен де, дариға-ай,
Бәрінің нұры бір маған тіктеп түскей деп!
Арманның елі шақырса, құс боп сонда ұштым,
Теңізге көбік сапырған талай жол түсті.
Ақындық сезім, ей, менің ғазиз әлемім,
Жоғалта көрме өзіңдегі бояу-болмысты.
Жоғалта көрме көңілдің әсем бояуын,
Көркем ойлардың орманын кезген ояу үн!
...Көңілімде менің бояуын сақтап әлі тұр
Балалық шіркін баяғы!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу