Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  88


Автор: Баймаханбет АХМЕТ

Әркім бір келіп суатын былғап...

Әркім бір келіп суатын былғап,
Тозды гүл атып тұратын жыр-бақ!
Өлеңді жатыр көкпар ғып тартып,
Құба ақын бір жақ, ұлы ақын бір жақ!
Райынан қайтар кім ақыл тыңдап,
Тең-тең қазынам талауға түсіп,
Тот басып тозды бір асыл құндақ.
Пендеден-ұят,өлеңнен кие
Кеткені-ау дедім-расым бұл нақ!
“Ұлылығымды мойында” деумен,
Дарынын даулы бір ақын пұлдап,
Өзіне серік өлеңші жиып,
Өлерменденіп бір ақын қу жақ,
Мона Лизадай жұмбақ жымиып,
Шәйі шәлісін тұратын бұлғап...
Байқұс өлеңді өлтіргелі жүр!
Арзан ой қуып , туатын құрғақ,
Жеркеніп кеттім өлеңнен мен де.
Көкөрім талант көгеннен өрген
Кезігер ме деп келем мен елге...
Тоқтаусыз төгер көмейден жырды
“өлеңші” елде көбейген құрлы,
Қашты-ау деп налып өлеңнен кие
Сақтағым келді “өгейден” жырды.
Алда әлі бұзар бір шебім бардай,
Жұтар ма ем, шіркін, жыр селін балдай,
...Келемін пырдай өлең ішінде
Өлеңге деген бір шөлім қанбай!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу