Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  100


Автор: Баймаханбет АХМЕТ

Жәннәті жердің, елімнің байтақ өрісі ең,

Жәннәті жердің, елімнің байтақ өрісі ең,
Тау менен көлдің, жастықтың «Жасыл елі» - сен!
Астанам менің – Арқаның алқа меруерті,
Еуразия құрлығының әйбат меңі - сен!
Қара Ертіс – Сена, ал Есіл –Нева тәрізді ең,
Ұмай анадай Ұлытау төсінен нәр үзген.
Астанам менің, өзіңді қатар қоям мен
Нью-Иорк, Мәскеу, Парижбен!
Өзіңді ұлықтап, ілесті алуан ұлт көшке,
Байтағы елдің «Бәйтерегімен» бұлт тескен.
Дарабоз мекен, дидарың нұрлы, ғажайып,
Тандырар болды жұртты естен!
Еңсең де бүгін биіктеп, өсіп барады,
Таланттың бағы бір жанса, сенде жанады.
Домбыра дауысы, қобыздың күйі – кеудеңде,
Жатырсың жалғап тау менен ұлы даланы!
Көзіме ыстық арайлап атқан таңдарың,
Шығыста көлбер Көкше мен Баян тауларың.
Дамылдап, ықтап саясын сексен көліңнің
Мәуесін үзген бауларың!
Айналдың нуға, қаңсыған кеше тақыр ең...
Әлемдік дін мен достыққа берік көпір ең.
Барлық жол сенде түйісіп, Ордам, өзіңнен
Тамырын тартып жатыр ел!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу