Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  95


Автор: Баймаханбет АХМЕТ

Сен Хақтың - шарпылған жай-оты қаққа...

Сен Хақтың - шарпылған жай-оты қаққа...
Тарихтай тұлғалансын тұрқың дедім.
Боздақтар қаны сіңген топырақта –
Бозоқта бой көтерген Рухым менің!
Бұл тұсқа қанмен дұға, тілек сіңді,
Тарихтың сілеміндей мұнарта ма...
Бір ысып, бір суынған жүрек сынды
Ұлы рух атойлаумен тұр Арқада!
Елінің алаңдатып болашағы,
Тоқтатпас үшін өмір-көшті де ешкім.
Бір сүйем жер де бермей Кенесары
Іргеңде ұрыс салып, кескілесті...
Текті ұрпақ мұны, сірә, ұмытар ма...
(Онсыз да азап шекті ұлтымыз көп)
Алаш туын көтерді Ұлытаудан,
Аласарып қалмасын рухымыз деп!
Елбасы бастамашы болды оған да,
Топ құрап көштің бетін бұрды Арқаға.
Cілкініс санаға әкеп сол игі топ,
Керіліп «алтын көпірдей» тұрды ортада.
Елбасы алғаш сенің уығың шаншып,
Рух пен шаңырағыңды бір көтерді.
Салмағы қыруар істің иінін жаншып,
Елімен қиындығын бірге көрді.
Ойлайды жұрттың жайын оңалтуды,
Қинайды қанын, жанын кіл азапты ой....
Дүниеге сені қайта оралту, бұл -
Қазақтың рухына мінәжат қой!
Киесі дейміз бе, әлде, мұны қанның,
Нұрекең тәуекелге бармағанда...
Ұлы рух ұя салған Ұлытаудың
Қадірін жоғалтпадық. Тәуба, оған да!
Еңселім, ертеңіңе сен бет алдың...
Елбасы - сенің әкең (біледі елім).
Қиялдан жасап, саған дем де салды.
Кеудеңде соғумен тұр жүрегі оның!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу