Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  105


Автор: Шаяхмет Оразымбекұлы

Шу бойындағы соғыс

Ат үстінде талса дағы өзегі,
Ер ел үшін бəріне де төзеді.
Жетісудан түре қуып қалмақты,
Қазақтардың рухтанған кезі еді.
Қаншама жыл езіп келген елімді,
Қаншама жыл таптап келген жерімді,
Жеңілуді білмейтұғын Сары-Манжа
Түменімен Шуға қарай шегінді.
Лама-Доржы «Шегінбе!» - деп ақырды.
Ыза кернеп, жаралы аңдай ашынды.
Жан сауғалап жүзіп өтіп Шуды əзер,
Шеріктерін ну қамысқа жасырды.
Мұрсат бермей Сары-Манжа қолына,
Мың сарбазбен түсті Аралбай соңына.
Шалқар Шуды жүзіп өтіп қалғанда,
Тап болды олар зеңбіректің оғына.
Сарбаздары болса дағы күшті ерен,
Мына тажал қарсы алар деп күтпеген.
Отты доптар гүрсілдеп кеп жарылып,
Нысанаға тиіп жатты діттеген.
Аңғал ерлер жан сауғалап қала ма?!
Біраз сарбаз суға кетті арада.
Тарланбозбен жүзіп өтіп Аралбай,
Алғы шеппен шықты əйтеуір жағаға.
Шыға сала шабуылды бастады.
Тажал оқтың өзінен де саспады.
Құйындап кеп зеңбірекші шеріктің
Қас қағымда басын шауып тастады.
Осы сəтте Сатай менен Төлек те
«Байсуандап!» жетті ұрандап көмекке.
Тағы бірін от қарудың оқ атқан
Сарбаздар кеп өшірді үнін мезетте.
Қатарлары қалса дағы селдіреп,
Қас батырлар ұрыс салды ер жүрек.
Топ шерікпен кескілесіп жатқанда,
Отты добын атты тағы зеңбірек.
Гүрс етті де жарықшағы шашылды.
Кеудесінен жаралады батырды.
Ат үстінен теңселіп бір кетті де,
Тез түзеліп серіктерін шақырды.
«Қойшағыры бітіре алмас көп істі
Дес бермеңдер, қатарларың толысты.
Бір-екеуің əкет мені ар жаққа,
Маған бола тоқтатпаңдар соғысты!»
Деді батыр қайсарлана тіл қатып
Жарақаты тұрса дағы тым батып
Ымырт түсіп қас қарайып бұл кезде,
Ұясына аунап кеткен күн батып.
Қалың сарбаз тоқтатпастан ұрысты
Жауды алуға өршелене кірісті.
Сары-Манжа көп шерігін жоғалтып,
Амалсыздан күнбатысқа жылысты.
Бүгінгі ұрыс бəріне ауыр тиді анық
Түнде ес жиып, барлық сарбаз жиналып,
Келген еді Аралбайды көруге
Батыр қоста жатыр екен қиналып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу