Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  93


Автор: Шаяхмет Оразымбекұлы

Аралбайдың Барақ қолын талқандауы

Суықтоғай, Меркі, Шілік, Жалағаш,
Жаркент, Көктал, орман-тоғай аралас.
Ұзақ жылдар бұл өңірдің бəріне,
Билік құрған Төрехан мен Ағанас.
Иемденіп осы байтақ даланы,
Секер хан мен Арыс хан да бар əлі.
Су мол болсын деген қалмақ дəстүрмен,
Үш қазақты құрбандыққа шалады.
Шын жауыздық тағылықпен тең деген,
Бұл айуандық адам естіп көрмеген.
Райымбек, Сатай, Барақ батырлар,
Атқа қонды ашу-ыза кернеген.
Жанға батып қалмақтардың асқаны,
Жаудың саны мол екен деп саспады.
Райымбек қолын бөліп үш топқа,
Үш бағытта жойқын соғыс бастады.
Аралбай мен Қапай, Ердес тағы да,
Тілеуке, Ақбас атой салды жауына.
Суықтоғай, Бартоғайды алған соң,
Аттанды олар Торайғырдың тауына.
*Барақ ноян Секер ханның сенімді қолбасшысы
Шейіт кеткен талай боздақ ер үшін,
Батырлардың қайнады іште кегі шын.
Бекінді олар жоямыз деп қалмақты,
Болмақ емес енді бейбіт келісім.
Кез болды бұл ер намысын сынар нақ,
Кек қайтармай ерлер қалай тына алмақ.
Босып кетті қалың қолы Барақтың,
Аралбайлар кірген кезде-ақ ұрандап.
Қашты ата жау тегеурінге шыдамай.
Қан кешуге тап болған жоқ мынадай.
Ажал сеуіп сауыт бұзар жебелер,
Қалмақтарды қырды-ай келіп қынадай.
Торайғырдан босып қашқан міскіндер,
Былайынша зарын айтып жылады-ай:
Қош Таушілік, Жалағаш,
Түңілді ханың Ағанас.
Райымбек тұрғанда,
Біздікі емес мал мен бас.
Үш Қарқара, Көктөбе,
Бұрын Бұрхан жақсы еді,
Енді бізге өкпелі,
Райымбек тұрғанда,
Енді бізге жоқ төбе.
Зарлады олар бөтен елді зарлатқан
Қақсатқандар түбі өздері қан қақсар.
Ақтабанның кебі келіп басына,
Тоз-тоз болып қаша берді қалмақтар.
Орындалып мақсаты мен ойлары,
Қас батырлар жауды қуды қоймады.
Жетісудан түре қуып қалмақты,
Құлықтауда жеңістерін тойлады.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу