Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  124


Автор: Шаяхмет Оразымбекұлы

Мықтылық

Тағдырыдың жазуынан қай мықты асқан?
(Адамға оңай келмес байлық тасқан)
Жағаңа жүдеу тірлік жармасқанда
Сілкіп қап қарсы тұрдың қаймықпастан.
Түспедің арбауына бос жүрістің
Ол дағы белгісі ғой тектіліктің.
«Көнетін илеуіңе мен емес деп!»-деп,
Қамытын кигізбедің жоқшылықтың.
Жасыту өз жігерін əркімге мін
Қияға қанаттанып сан өрледің.
Кемітпек болған кейбір көрсоқырға
Мықтының мықты екенін дəлелдедің!
Тулаған тасқын ойлар жатты ішіңде
Көп қолдап, алға қарай басты ісің де.
Қасқайып жеңілмейтін қалпыңменен
Айналып кеткендейсің тас мүсінге.
Барғанда пана тұтып бір өзіңді
От беріп жанушы едің жігерімді.
Ағалық демеуіңе зəру болып
Көңілім өзіңді ойлап шын егілді.
Жек көрдің əлсіздерді басынғанды
Түсірдің сабасына тасынғанды.
Қашанда жұрты ұмытпас асыл жанды
Қадірлер Нəби деген атың қалды.
Қарсы алса қиындықты тік тұрып кім
Үлгі етер қайсарлықты ұқтырып шын.
Айналған мəңгілікке мүсініңнен
Белгісін танып тұрмын
МЫҚТЫЛЫҚТЫҢ!...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу