Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  95


Автор: Шаяхмет Оразымбекұлы

Асауға тұсау

Асау қан шапшып бойыңа,
Ойқастап асыр салар-дың,
Амал не міне мойныңа,
Құрығы түсті адамның.
Бұлқынып, оқыс кісінеп,
Тұяғың жерді тарпыды,
Көндірді бірақ күшіне,
Адамның қуат қарқыны.
Қарғып бір мініп қапталдан,
Үстіңе қонды жас жігіт.
Шапшыдың оқыс аспанға,
Жібермек болып лақтырып.
Орнықты жігіт тақымын
Құрыштай қысып шеңгелдеп.
Тулай бір шаптың тасынып,
Ырқыңа сенің көнбен деп.
Асыр да салған шағыңнан,
Қоштасу бар ғой ақыр бір.
Құйында-а-п алып жануар,
Амалсыз көндің, басылдың.
Басылды солай желігің,
Еркесі едің даламның.
Амал не енді өмірің,
Тақымында өтер адамның.
Асауға тұсау дұрыс та-ау,
Жарап бір жатса қажетке.
Адамды адам құрықтау,
Айналмаса екен əдетке.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу