Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  113


Автор: Шаяхмет Оразымбекұлы

Мектеп ауласында...

Асығады қай жаққа, бізге жұмбақ.
Күндер зулап барады, күндер зулап.
Балғын шақтың базары мына аулада,
Кеше ғана жүр едік біздер шулап.
Сенде өткізген мектебім қызықтар көп.
Келдім міне алдыңа ұмытқам жоқ.
Кім айтады мына алып теректерді,
Біз қадаған бір кезгі шыбықтар деп.
Көзімді алмай қараймын таныс маңнан,
Жарысқан маң, біз талай алысқан маң.
Жанарымнан жақұттар тамып түсті-ау,
Күндерді ойлап сонау бір алыс қалған.
Сендерсіңдер болашақ тірегі-деп,
Шəкірттердің беретін жігеріне от.
Қайран сол бір мейірлі ұстаздардың,
Біреуі бар бұл күнде біреуі жоқ.
Қалды-ау жырақ, балалық, сенің аулың.
Кезекпенен келетін өмір-ау бұл.
Қимас əнді кеудемде қайта оятқан,
Мына таныс үнін-ай қоңыраудың.
Асығады қай жаққа, бізге жұмбақ.
Күндер зулап барады, күндер зулап.
Балғын шақтың базары мына аулада,
Кеше ғана жүр едік біздер шулап.
Күндер зулап барады, күндер зулап.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу