Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  103


Автор: Шаяхмет Оразымбекұлы

Жамандығын өзіңді табады ақыр

Келіп едің « бір сорлы, пақырмын» деп
Жасап едім қамқорлық, тасындың кеп.
Жал бітті де бойыңды аулақ салып
Мəз боп жүрсің «айламды асырдым» деп.
Жан емеспін жасайтын кісілігін
Қатем болар бұл да бір кішігірім
Енді сені көруге жиіркенем
Төмен екен малдан да түсінігің.
Сатқындығы шығады азғанда адам
Сондықтан да мен үшін арзан бағаң
Анасын да сатады дəл сендейлер
Ұры иттерше сүмеңдеп жалмаңдаған.
Берілгендей болдың да құлай маған
Асып түсті бір айлаң бір айладан
Тудырса да сан сезік жымысқы ойың
Сені мұндай шұлғау деп кім ойлаған!
Қауіпті ғой бір жүрген сұм адаммен
Жарға итеріп , мүмкін ғой жығары əбден.
Мың бекінген іске аспай залымдығың
Зытқаныңа аулаққа қуанам мен.
Ал қазірше ақылды санала тұр
Айлаңменен табарсың қара бақыр.
Бара алмайсың ұзаққа қара да тұр
Жамандығың өзіңді табады ақыр!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу