Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  118


Автор: Шаяхмет Оразымбекұлы

Жайлаудай жаның кең еді...

Мұқтажымды айтқызбай таба алған дөп
Бауырым ең жайыма алаңдар көп.
Өзіңменен тетелес өссем дағы
Жайланатын көңілім «жағам бар» деп.
Ауыл барсам жарқылдап қарсы алғасын
Кеңейіп салушы еді арқам да шын.
Тіс жармапсың жүрер деп уайымдап
Сырқатыңды сезбеппін аңқау басым.
Жарық күннен үзеді күдерін кім?
Оқыс тоқтап қалғаны-ай, жүрегіңнің!
Елдосымның азасы аз болғандай
Сені де алып кеткені-ай, бұл өлімнің!
Жоқтадым да жыладым ағыл-тегіл
Ен жайлаудай кең еді-ау, жаның сенің.
«Бізді қойшы ауылда өлмеспіз»деп
Барыңды əкеп қалтама салушы едің
Сені жоқтап, жылаймын ағыл-тегіл!
Налымаушы ең тартсаң да тағдыр мұңын
Көтерудей көтердің нардың жүгін.
Қадіріңді жан аға кеш білдім-ау,
Сенің басқан ізіңе зармын бүгін!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу