Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  80


Автор: Мылтықбай Ерімбетов

Жаназада

Елу жеті жасында,
Ер Əлібек көз жұмды?
Елі тұрып басында,
Есіл ерді сөз қылды.
Мүсілімді еске алды,
Ұшып кеткен ақ құсын.
Аһ ұрысты достары,
Айтып мінез жақсысын.
Айтты бəрі тоқтамай,
Тындырғанын көп тірлік.
«Есіл ерден, ех, қалай,
Айырылдық» деп тұрдық.
О, қатігез тағдырым,
Тез өтерін білдікпе?!
Осы сөздің барлығын
Неге айтпадық тірлікте.
Дегендей
-ақ, «түзедім»,
Өлгесін қам жедік қой.
Жақсы екенін біз оның,
Шын білетін едік қой.
Мақтап алға шапқанда,
Тұра ма екен орнынан.
Тірісінде айтқанда,
Көп жасар ед, ол бұдан...
Тірісінде тартысқан,
Тіл беземей, қой туыс!
Мақтағанша əр тұстан,
Мылқау болсаң-сол тыныш!
Азапты ойға берілме,
Ерте ме, кеш кетесің.
Жатқызбастан көріңде,
Мақтай берсе қайтесін?!
Бір басынан артылар,
Қыры-сыры ашылды.
...Ағайыны, жұрты бар,
Топырақпен жасырды.
Жақсы тірлік бітірсе,
Неге оны айтпадық?
Безбүйрек тас кəпірше,
Неге артқа сақтадық?!
Сонда, сонда, асыл сөз,
«Ай, жарайсың!» дегенді,
Таласа да, тармаса,
Неге айтамыз, көп енді?!
Аят оқып, жел гулеп,
Жаз өтіп, күз тақайды, ə!
Əттең, ерте өлдің деп,
Айтқаныңнан не пайда?!
Алла берген, бұйырған,
Аз өмірің сарқып іш.
Өлу деген-қиын ба,
Өлмеу-одан қорқыныш!
Тіріде болмай шерменде,
Сыйлассаңдар не етеді?!
Осындайды көргенде,
Өлгің келмей кетеді!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу