Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  115


Автор: Мылтықбай Ерімбетов

Төрткөл. Мола. Төрекелді.

1.
Сені тарта беретін сағым, дала,
Мен махаббат іздедім жаным-бала.
Мен аспаннан, сен жерден сөйлейтұғұн,
Аурухана, Төрешім, жадыңда ма?
Аржақ-вокзал,тірінің жолын құптар,
Бержақ-ауру пенделер, емін күтті əр.
Сансыз вагон сапарға шақырады,
Отыр! дейді оңаша орындықтар.
Аурудай иектеп алды сезім,
Өзіңменен сырласқан қалды кезім.
Сағым. Дала. Ақ сапар. Төрткөл. Мола.
Мылқау құсап отырмын жаңғыз өзім.
Мені неге тастап кеттің?!...
2.
Поездар гүрілдейді,
Жүрегім дірілдейді,
Көзім ілінбейді-
Адамдар дүниеден өтіп жатыр,
Маңайда еш өзгеріс білінбейді.
Поездар гүрілдейді,
Жүрегім дірілдейді,
Көзім ілінбейді-
Бойжеткен тірі қалған...
Махаббатты еске сап күлімдейді.
Поездар гүрілдейді,
Жүрегім дірілдейді,
Көзім ілінбейді-
Құдайсыз дəрігерге құлақ салмай,
Кəрі шал иман тілеп күбірлейді...
3.
Шынымен, Өмір қысқа ма?
Ажал боп алдан тік келген?!
Кім екен Тағдыр
-Ұстаға,
Біздерді темір қып берген.
Анадан көрдім шуақты,
Бал қосып бізге сүт берген.
Балалық-балық сияқты,
Байқаусыз қолдан зып берген.
«Қайран?!» деп осы кім айтты,
Жиырма бес жасты жіп керген.
Жастық шақ-шырақ сияқты,
Дауылдан сөніп лып берген.
Орта жас-ойлы, қуатты,
Одан да қызық түк көрмен.
Жатаған түйе сияқты,
Зілбатпан қарыз жүктелген.
Кəрілік-кепкен суат-ты,
Қабақ қарс, мұрты тіктелген.
Тиеулі керуен сияқты,
Жөнейтін ісі біткеннен.
Өліміңнен өнеге табамын,
Тəн тозып, демің біткенмен.
Қазан соққан қарағым,
Қазаң қалай тік келген?!
Жеңе алмай Тағдыр-ұстасы,
Артында Хат қап Мықты өлген-
Ұзарған Оймен қысқасы,
Жасасын Өмір, құт берген!.
Қолтаңба
1.
Алыс жолда қанатың талмасын,
Ибалы мінезің болсын жолдасың.
Жақсы жар тауып, бақытты болып,
Ақ махаббат, аруақ қолдасын!
Нағыз қазақ бол, Қыдыр Ата
Ғалейссалам қорғасын!
Ақылым-осы, ағаң болғасын!
2.
Алтын қыз, саған не дермін?
Айтпайын сөзін бөтеннің.
Қазақы қара өлеңнің,
Белгісін салып кетейін.
Өткізіп алып уақытты,
Талайды көрдім жылаған.
Қолында барда бақытты,
Қадірлемейді бұл адам.
Жастық шақ деген бақытың,
Аз ғана жылға берілген.
Өткізіп алмай уақытын,
Үлесіңді алғын өмірден!
Естелік жазған кім дерсің,
Алыстан бұрдым ат басын.
Гүлдейтін кезде гүлдерсің,
Солудан құдай сақтасын!
Ақтілек осы көңілде,
Өшпестен ұзақ жүрсін-ай!
Бақытың тауып өмірден,
Жайнай бер, қызым Тұрсынай!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу