Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  138


Автор: Мылтықбай Ерімбетов

Қарағым балам...

Адамға жақсылықты жасағың кеп,
Өзіңе артып жүрсің аса міндет.
Əуелгі байлық – Денсаулық, соны нығайт –
Ойлама, елден асып – тасамын деп.
Ойлаған орындалсын не тілегің,
Өзім де осы жолдан өтіп едім.
Деніңді сау ететін кеңесімді ал,
Мен Сенен шын жүректен өтінемін:
Шомылғын суық суға – күнде екі рет,
«Өзімді жақсы ету – міндетім» деп.
Өзен, көл, бұлақ болса, тіпті рахат,
Табиғаттың қойнауы – денге тірек.
Əркім де өз жағдайын, жөнін алсын,
Ваннаға, бəлкім, душқа шомыларсың.
Ыстық суды мұздаймен аяқтауға,
Денең де үйренгендей болып алсын.
Шомылған соң немесе шомыларда,
Не кезектес жасайтын болып ал да,
Жалаңаяқ жерді бас, қыста қар бас,
Суық тиіп қалар деп көңіліңе алма.
Тұрып алып қара жер, қарда тіпті,
Тіле өзіңе Денсаулық – бар бақытты.
Бар халыққа денсаулық тағы тіле,
Тыныштықпен өткізсін əр уақытты.
Жас болсаң да бастаған жолды жаңа,
Қарт болсаң да өзіңе жөнді қара:
Арақ ішпе, темекі тартпай-ақ қой,
Сол екеуі ешкімді оңдыра ма?!
Аптасына бір рет ашығарсың,
Асқазанды ауамен асырарсың.
Жұма күнгі алтыдан, жексенбінің
Сəскесіне шыдасаң – басыларсың.
Шын қиналсаң – шыдай ғой тəулігіне,
Аржағында азғантай қалды, міне.
Бейнетіңе Тəңірім саулық сыйлап,
Тынышталар Дене мен Жандүние.
Жексенбі он екіде далаға шық,
Табиғатпен тағы тұр араласып.
Жалаңаяқ, жалаңбас, Дем ал, Ойлан,
Жоғарыда не жаздым Саған ашық.
Денең үшін мереке бұл дегенің,
Əрбір күннің қадірін біл, дер едім.
Содан кейін қалаған тағамыңды іш,
Ақылымды ішерсің бірге менің.
Сүй қоршаған ортаны, бағалағын,
Табиғатқа жеркеніп қарамағын.
Бауыр бас, табиғат - өз Денсаулығың,
Түкірсең - Өзіңді қор санағаның.
Бар жерде, барлық кезде бəріменен,
Сəлемдес, əсіресе, Кəріменен.
Денім сау болсын десең – бар адаммен,
Амандас, жылы сөйлеу – Дəрі деген.
Жəрдем ет, жарлы, кедей, ауруға,
Қайғылыға, жоқшыға, бауырыңа.
Қапаланған, тіленген бейшараға,
Өйткені ол сенен бетер тарығуда.
Барыңды бер, жоғыңа сабыр қыл да,
Қуаныш деп қарағын Қайырымға.
Қажеттіге қарассаң Шын жүрекпен,
Дос табасың Жалғанның жарығында.
Жой бойыңнан сараң-пес, жалқаулықты,
Өркөкірек, мақтанпаз, жалғандықты,
Пайдакүнем, ашкөздік, қорқақтықты,
Шақыр солай етуге қалған жұртты.
Адамды сүй, жақсы көр, сен адамға,
Əділетсіз сөз айтпа, сене қалма.
Өсектеме біреуді, біреу жайлы,
Жаман айтса жалп етіп, өле қалма.
Өлім жайлы пікірді қу қасыңнан,
Сақинаны іздеме сау басыңнан.
Ауру, сырқау, кеселді ойыңа алма,
Бұны Жеңсең, жас өтер бір ғасырдан.
Ой-пікірің ісіңнен бөлінбесін,
Оқу – жақсы, ал жасап көру де – сын.
Ең бастысы – Кірісу! Жаса! Істе!
Тау да алыс болмайды көрінгесін.
Айт, тарат, үйрет жұртқа білгеніңді,
Мақтанба, асқақ тұтпа құр көңілді.
Қарапайым, Дені сау Адам болсаң,
Сезесің Өмір Сүріп жүргеніңді.
Мен өтініп айтар ем бар адамға:
Табиғаттан орныңды ал, бара қал да!
Ешкім оны алған жоқ, сатылмайды,
Денсаулықты ақшаға ала алар ма?
Өз ісіңмен, еңбекпен жете берер,
Жақсылық – ол, нығайып кете берер.
Саған жеңіл болады, өзің үшін,
Табиғатпен – Қамқормен етене бол!
Түсініксіз болса егер айтқандарым,
Мен дайынмын, ұқтырам хатпен бəрін.
Тəжірибемді ал, істерің сəтті болсын,
Жөнге келмес, қызғанып, ап қалғаным.
Қарақтарым, молайып қатарларың,
Көп денсаулық əкелсін атар таңың.
Саған Бақыт тілеуші – Ивановпын –
Порфирий Корнеевич аталарың.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу