Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  133


Автор: Мылтықбай Ерімбетов

Мылтықбайдың толғауы

Ұраным
-Алатау да, затым
-Қоңырат,
Иншалла, несібем
-сөз, тілім
-қармақ.
Алдаған аз ғана күн қызығымен,
Опасыз пəни дүние артта қалмақ.
Аузымнан лəбізімді шығармасам,
Арманым бара жатыр ішті жалмап.
Ажырап үйірінен тоз-тоз болған,
Адасқан алты атамыз қайда бармақ?
Əркімді бір Алласы қорушы еді,
Біздің ел Шымқорғанға қонушы еді.
Даласы жылқы, қойға толушы еді,
Ат шабыс тұс-тұсынан болушы еді.
Қой үстінде бозторғай жұмыртқалап,
Тұзкенге қаз бен үйрек қонушы еді.
Əр ауылдың үстінен тамаша қып,
Аспаннан ай мен күн шолушы еді.
Бəледен біздің Қоңырат тыныш еді,
Жайылған дастарханы ырыс еді.
Бозбала қошемет қып қарияны,
Алдынан есік ашып жүруші еді.
Қария маң-маң басып, шүкір айтып,
Есіктен Қыдыр болып кіруші еді.
Келіндер ата алдынан кесіп өтпей,
Иіліп сəлем салып тұрушы еді.
Ай көрмесе ағайын жат болар деп,
Ағалар қара қойды жығушы еді.
Сыймады қалың дəулет маңдайыма,
Кез болдық замананың қандайына?!
Шапан киген шала мас партократ,
Жайлауды орап кетті шалғайына.
Баққан мал, жер мен судан айырылып,
Дəм-тұзым татымады таңдайыма...
Жер кетіп, жегендері желім болып,
Жетім ел солған шөптей сарғаюда.
Қамқорсыз тастап кетті Қазақстан,
Көп сөздің көңіл сенді жалғанына.
Көк ұлы Көктөбеде əлі отыр,
Сыйынып ата-баба аруағына!
Жан берген, тəн жаратып қадыр Аллам,
Тоным тозып, кірледі енді жағам.
Елімізге қосылар есіл күнді,
Көруге нəсіп етсін хақ тағалам.
Түршігіп жатсам-тұрсам соны ойлап,
Сарғайып сартап болды менің санам.
Жетімін жат жұрттық қып тастай қоймас,
Қалың ел Қазақстан-қайран Анам.
Тұрғанда туыс сендер есен-аман,
Мен ғаріпке Алла мен сенсің панам.
Шара жоқ, қабырғаны тыр-тыр қасып,
Қор болды сүйегіміз енді жасып.
Сүліктей сорып сарттар сүйкімдіңді,
Қозыдай жеке жеді, тіске басып.
Руды руыңа айдап салу,
Ол қалған шовинистен ескі кəсіп.
Шілтитіп біреуіне бектік берсе,
Қазақтар мəз болады қауқылдасып.
Бірінің бірі үстінен арыз жазып,
Өзбектер тексереді мауқын басып.
«Өзекең өз ағамыз» қолдаймыз деп,
Ырза аға ауылда жүр артын қасып...
Бұрынғы сəулетімнің бірі де жоқ,
Көтерсем көкірегімді, көтім ашық.
Айтайын жалған дүние бекеріңді,
Уменен қатар таттым шекеріңді.
Мас болып жалған, сенің қызығыңа,
Білмеппін мылқау болып өтерімді.
Тауланып тауға қарап жүргенімде,
Табанда тауып алдым «шетеліңді».
Қой бағып, көкпар тартқан Шымқорғаным,
Сезбеппін басқаға өтіп кетеріңді.
Ес-түстен осы күнде дəнеме жоқ,
Білмеймін, қапалықпен не етерімді?!
Алдым
-от, артымда
-жар, қамаудамын,
Дəм білер қалай қарай кетерімді.
Дəулеттің бар-жоғымен ісім бар ма,
Халың қалай дейтұғын кісім бар ма?
Сұңқар едім, торғайдан төмен болдым,
Біздерде адам көрер пішін бар ма?
Қағазға мəселе қып сөз жазатын,
Баяғы белден басқан мысым бар ма?
Ғаріптік мұнан артық қандай болсын,
Қазақша айта алмасаң мұсылманға?!
Астана, айтысуың бір тарқар ма,
Арызды жер туралы ұшырғанда...
Раушан қып көңілімді қуантатын,
Қазақты қазақ етер тұсың бар ма?
Терме қып қасіретімді елге жайдым,
Жүрегім шарасыздан қысылғанда!
Құлым десең рахым қыл жалғыз Аллам!
Жер қайтар деп патшамыз қылсын парман.
Қас болмаса Қоңыраттың тұқымына,
Қазағын жинап алсын түзде қалған.
Аузымнан лəбізімді шығармасам,
Өртеп кетіп барады ішімді арман.
Құранның отыз пара құрметі үшін,
Құдайым, құтқар бізді көңілі тардан.
Ақыл табар басшыдан сөз шықпаса,
Сандалып, бұқарадан кетті дəрмəн!
Жан сауға, Жетісайға қашты халқың,
Тегіс безіп дүние-мүкəмалдан!
Қылып ек аһыл сүннəт əл-жамағат,
Бере гөр, жаппар ие, өзің жардəм!
Ерте тұрып, кеш жатқан, аһ дариға,
Ерлері бұл қазақтың қайда қалған?!
Кете ме су түбіне əділетсіз,
Ел қылған Мырзашөлді өңшең бағлан?!
Қой бағып, құрт қайнатқан қоңырым-ай,
Құлаштап көкпар тартқан өңірім-ай.
Құлазып, бекер босқа қап баратқан
Тұзкенім, көлдей болған көңілім-ай.
Жетімтау, Ұзынқұдық, Бөрітескен,
Балықты басындағы өмірім-ай.
Көктің ұлы, Көтенші жайлаған бел,
Көзіме оттан ыстық көрінуі-ай!
Екі əруақ, жалғыз Құдай, ата-баба,
Моласына көз жасым төгілуі-ай.
Ай-күннің аманында, кең дүние,
Тар лақат боп, қабырғам сөгілуі-ай!
Кемеңгер жұртқа басшы шалдарым-ай,
Тар жерде ақыл табар саңылағым-ай.
Ақыл табар жақсыдан айырылып,
Сандалып, сайда қалды балдарым-ай.
Аһыл сүннəт пайғамбар жолды ұмытып,
Əкімдер жерді сатты ар да қылмай.
Жызақтың базарында жүрген сарттар,
Қазақтан жамау сұрап дамбалына-ай.
Аулымда қой бағушы еді тамақ үшін,
Мыңғырған қарауыл боп малдарыма-ай.
Балақтағы бит енді басқа шығып,
Билігін құрды, дүниенің жалғанын-ай.
Жұратымды теуіп жүр көкіректен,
Шыдайын, мұны қайтіп арман қылмай!?
Айдан алқа үзіп ең, қайран елім,
Қаздай суда жүзіп ең, қайран елім.
Елімнің желдей ескен еркесі едім,
Басылды су сепкендей енді желім.
Жалғыз атпен жүрсе де бай-бағланның,
Баласындай ер еді серілерім...
Жұрт үстінде жүретін ерке болып,
Салым сап, серке тартқан перілерім.
Ілінсек Қазақстан құрамына,
Ішімнен тарқар еді қайғы-шерім!
Құлпысары əулие, Құдай қолда,
Дамолла Əбдіəкім жатқан жерін!
Ғаділет хақ жолына турала деп,
Жалынып жүр кейінгі перзенттерің!
Ақ жолын Абылайдың жалғастырған,
Нұрсұлтан, жол табар ма, кемеңгерім!
Мандатын Шымқорған деп бір көтерсе,
Маңдайын күн шалмаған өңкей ерім!
Əйтеуір, ақырын бер, Аллаға аян,
Жызақтан бері қарай менің жерім!
А, Құдай, ақ қыла гөр тілегімді,
Қайғы мен шерден босат жүрегімді.
Көктің ұлы, Көтенші сауық қылып,
Жатайын қырда салып сүренімді.
Сүйегімде таңба бар-жері кеткен,
Білмеймін, қалай қарап жүрерімді.
Өзің қуат бере гөр, жаппар ие,
Пендеден үзіп тұрмын күдерімді.
Алты ата Қоңыратты абыржытпа,
Құм ете көрме, Құдай, жігерімді.
Қадірімді білетін қазағым бар,
Сасық сарт қайдан білсін сүйегімді!
Уа, білдір, қадір Алла, барлығыңды,
Шағамын бір өзіңе зар-мұңымды.
Құранның отыз пара құрметі үшін,
Түзетші жері кеткен тағдырымды.
Жанымнан бір шыбындай безер едім,
Тастар ем талақ етіп мал-пұлымды.
Салар ем жер қайтару ұранына,
Қазына, мың теңгелік жабдығымды.
Қайтіп тірі жүрсіңдер өліп кетпей,
Бұрынғы еске алмай нар күніңді?!
Жігіттер, дос санаған бекер екен,
Жалған дүние адыра қалғырыңды.
Сүйектегі таңбаны кетірмесең,
Қарғыспен өткізесің əр күніңді.
Бөгеліп, жол таба алмай, тұйықталмай,
Тар жолдан ақылмен тап даңғылыңды!
Жақсымызды тыңдайық жаманымыз,
Жаман деп қайдан таптық дананы біз?
Көктің ұлы, Көтенші, бір ауыз бол,
Табылып тұр жерді алар амалымыз.
Қисайып КСРО құламаса,
Қиянаттан жоқ еді хабарымыз...
Өзбек өліп, қазақтар қырылған жоқ,
Илаһи, мұсылманбыз, аға-ініміз.
Қайтқан малда қайыр бар, жерімізді ап,
Иншалла, түзеледі заманымыз!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу