Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  255


Автор: Мылтықбай Ерімбетов

Мұстафа Шоқайға

Екі сөйлеп ер абырой алмайды,
Тұрақтылық мінезінде болмайды.
Өз алдына жол тауып, оқшау туған,
Мен ойлаймын Мұстафадай жандарды.
Екі сөйлеп ер абырой алмайды,
Əдеттенсе оны тежеп қалмайды.
Шоқай датқа тегін адам болмаған,
Қыраннан туған қыран болып самғайды.
Екі сөйлеп ер абырой алмайды,
Ер жігітте енжарлық сөз болмайды.
Ез болады айтқанынан ер қайтса,
Сөзден қайтып Сталинге бармайды.
Екі сөйлеп ер абырой алмайды,
Уəдесінен жалтаруға болмайды.
Ер жігіттік қадірінен ажырап,
Құны түсер, басқа салма ондайды.
Екі сөйлеп ер абырой алмайды,
Ел тұрғанда ер туғызбай қалмайды.
Өзі түгіл Мұстафаның аруағы,
Отанына опасыз боп бармайды.
Екі сөйлеп ер абырой алмайды,
Одан мəнді басалқы сөз қалмайды.
Екі сөйлер жалаңқия адамның,
Аты артында Мұстафадай қалмайды.
Екі сөйлеп ер абырой алмайды,
Жанкешті ат тағылады, жалмайды.
Есің болса ер жігіт бір сөзді бол,
Шоқайұлы үлгі еткен сол жайды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу