Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  119


Автор: Мылтықбай Ерімбетов

Абылай ханға

Ғасырлардың сырын ашу оңай ма?
Абылайхан кеше болған жоқ ойда.
Коммунистік партияның көсемі,
Ленин, сірə, батыр, биге жолар ма?!
Бүгін енді салтанатты, шуақты,
Егемендік – бақыт жыры сияқты.
Ұлылыққа тағзым етіп, Хан ием,
Алаңдарға мініп шықты құр атты.
Оранбасаң үлде менен бүлдеге,
Қазақ ұйықтап, еңбек етпей жүр деме.
«Бөрі жоқ деме, бөрік астында» дегендей,
Жау жоқ деме, жақын жүр ғой іргеде.
Пір тұтамын Абылайға еліктеп,
Хан мықтысы қарашыға сеніп тек.
Ел іргесін бекітуді ойлады,
Ерлерімен қасық қанын төгіп кеп.
Өлең-тағзым, жүрегімнің дүрсілі,
Абылайдың арманының бүршігі.
Егемендік, бостандық боп оралды,
Қазақ қолға билік алып, тыншыды.
Иə, солай, Абылай ханның арманы,
Орындалып, ұрпақтары жалғады.
Жолдай берсін, Ұлтқа сəлем Елбасы,
Қолдай берсін Ата-Баба əруағы!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу