Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  1251


Автор: Мылтықбай Ерімбетов

Үш би туралы

Қазақта қызыл тілден өнері бар,
Əйтеке, Қазыбек пен Төле би бар.
Туған жер айналайын, тыңда ұлыңды,
Үш биге арнап жазған өлеңімді ал.
Басынан не өтпеген мынау далам,
Мың шайқас батырлары мың аунаған.
Үш бидің тоқтау айтқан сөзін естіп,
Қазақ болып мақтанып тұр-ау балаң.
Билердің құралы тіл – сан ғасырдан,
Ұрпағы саналы сөз жалғастырған.
Қызыл тіл қайнарынан қуат алып,
Үш биім Астанада малдас құрған!
Билердің сөзін ұқтым кезінде мен,
Бөтен ой сөздерінен сезілмеген.
Үш жүзім алыс емес бауырымсың,
Ескерткіш соны айтады көзім көрген.
Бабалар, қандай ыстық орталарың,
Бағыма бағыт болған баталарың.
Тербедің ана тілмен оятып ап,
Жанымның ұлтқа деген өр талабын.
Шайқалды Тіл – бесікте асыл жаным,
Үш биім – үш жағымда жасыл бағым.
Кіндік қан өр төсіңе тамған Далам,
Үш баба барда, мен де қасыңдамын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу