Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  308


Автор: Мылтықбай Ерімбетов

Дина Нұрпейісоваға

Қазақта бір ана бар Дина деген,
Соны айт деп көкірегіме сыймады өлең.
Сағынам Дина күйін, бейне құйын,
Толқымас ол сарынға кім бар екен?!
Сағынам ақ жаулықты аналарды,
Жүгірген қара табан балаларды.
Сағынам жеңгелерді еркелеткен,
Баулыған ерлік іске ағаларды.
Сағынам аға-іні, қарындасты,
Байсалды үлкен-кіші ауылдасты.
Сағынам ауылымның кəрі-жасын,
Нағашы, апа-жезде, бауырласты.
Сағынам жас кездегі сырласымды,
Əзілмен сөз таласар құрдасымды.
Сағынам адал досты нəзік жанды,
Алғашқы сөз байласқан қимасымды.
Сағынам ауылымның сарыуызын,
Сапырған мамырдағы бал қымызын.
Сағынам тіршілігін туған жердің,
Көрсем де ауылымның əр қызығын.
Ұқсаған жаздың шуақ күндеріне,
Құлпырған сары-қызыл гүлдеріне,
Құмармын туған жердің түндеріне,
Сайраған əнші құстар үндеріне.
Күй болып сөйлегендей бұла Дала,
Тыңдаймын сағат сайын құмарлана,
Қос ішекпен осының бəрін айтқан,
Басымды ием Динадай ұлы Анаға!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу