Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  203


Автор: Мылтықбай Ерімбетов

Құрманғазыға

Құрекең қайта тумас биік тұлға,
Ардагер озып туған бұл ғаламда.
Қалайша мақтанбайды туған халқың,
Теңемей шын күйшісін асқар шыңға.
Күйімен Құрекеңнің аты шықты,
Шеттегі жауымыз да оны ұқты.
Ахмет Жұбановтың оркестрі,
Бақталастың біразын ұрмай жықты.
Талантты Құрекеңе тəңір берді,
Жинаған баба берген тəлімдерді,
Кезінде баға бермей еңбегіне,
Тұқыртты басқыншылар ардагерді.
Сөз жетпес бүгінгі Ер бағасына,
Жеткен емес классик қарасына.
Қазақтың композиторы атанған ол,
Нотасыз күй таратып Даласына.
Жүйрік еді ұстаздық саласында,
Шəкірті Дина артық арасында.
Жинақтап дарындарды, маңайына,
Қамқор болған қазағым баласына.
Кемеңгер асыл күйші асқар таудай,
Даналық дарыныңа ел таңғалғандай.
Анаңа сені тапқан жұрт ыразы,
Құрманы бар қазақта арман бар ма-ай?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу