Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  81


Автор: Мылтықбай Ерімбетов

Қасым Аманжоловқа

Ақындыққа жаралған төзім бардай,
Надандықты кесетін көзің қандай.
Арада алуан жылдар өтіп жатыр,
Жанып тұр өлең болып сөзің лаулай.
Жаттаймыз жырларыңды көктем, қыс та,
Өмірі шын ақынның неткен қысқа.
Қырықтан жаңа асқан Қасым ба деп,
Қараймын төбемізден өткен құсқа.
Қызғалдақ қаптай өсіп қыр түлесе,
Тасытып жастар өтсе күлкіні есе,
Таңданам сенің Ақын аруағың деп,
Аспан асты, жер үсті күркіресе.
Соғыста көрсең дағы қанша майдан,
Жүрегің көрген емес шаршап ойдан,
Жану үшін жаралған жалынымсың,
Өлең деп өршіп шыққан қаршадайдан.
Өлеңде өрен болдың жас қалпыңда,
Жастарды жүрсің бүгін бастап шыңға.
Поэзия – биік тау – Алатаудай,
Есімің жарқырап тұр асқар шыңда!.
(Екінші өлең)
Замананың ағымы - өмір жолы.
Заманалар қым-қиғаш сырға толы.
Замананы реттеу адамда тұр,
Ақындардың ақыны Қасым болды.
Заманды заңдастырар адам – батыр,
Заманды талқандайтын адам – пақыр,
Адамда тұр заманның жаңғыруы,
Жаңарған жылдар жыры Қасымда тұр.
Заманда көреген көз дана болар,
Көп көріп, көп ұққаны дара болар.
Тыңдасаң көпті көрген қарттай сөзі,
Аруақты Қасым ақын дараланар.
Заманның жалмауызы соғыс болды,
Айтысып халық арасы көп іс болды.
Осындай алапестей арпалыста,
Қасым сөзі, өзі де соғысты енді.
Ақыным төрге шықты ақыл, сөзің,
Бүгінде батыр да өзің, ақын да өзің.
Құны күйіп тұрса да оттай жанып,
Шет елдіктен артық тұр алтын сөзің.
Бай, кедей тап қоғамы тағы келді,
Басына капиталдың заңы келді.
Бар құдірет «Қасымға» үйіріліп,
Тоқсан жаста жанып тұр бағың енді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу