Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  538


Автор: Мылтықбай Ерімбетов

Мұхтар Әуезовке

(бірінші өлең)
Аймаңдай қазақ туар ма,
Алты алаш Ана тілесе.
Əуезовке қуан да,
Ақындар, арна жыр неше.
Абайды қайта жаратқан,
Шоқтан от етіп шығарып.
Əлемге атын таратқан,
Қазақтың ұлын ұғалық.
Оны да сынап жаратпай,
Біреуден көрдік əлде кем...
Əуезов берген қазақтай,
Бақытты халық бар ма екен?!
Бар ма екен жердің бетінде,
Мұхтардай асыл аймаңдай.
Роман жазған не тілге,
Қазақтың атын жайғандай.
Даланы теңеп маңдайға,
Даладай дер едім Мұхтарды.
Маңдайға бақыт қонғанда,
Өрнегін алып, жұрт қалды.
Ойлаймын былай жалпы мен,
Қарасаң шындық көзімен,
Жасайды Мұхаң халқымен,
Артында қалған сөзімен..
(Екінші өлең)
Кітабың басып бауырға,
Мейірлі момын күйменен.
Əуезов – Алатауымдай,
Қазақтың тілін үйренем.
Ауылға келем, ауылға,
Ақ көңіл дарқан анамдай.
Тулайды жүрек, шынында,
Мұхаңдай сөзді таба алмай.
Ашамын кітап сан рет,
Туысқан қамқор ағамдай.
Бауырымдай екен бауыр ет,
Мойнымда құндыз жағамдай.
Ұлылар күтіп тұр алдан,
Ғұлама бар ма ғаламда.
Қазақтың атын шығарған,
Мұхтардай адам табам ба?!
Ұлтым деп əрбір сөзінен,
От алған адам жанам дер.
Бауырлық мейір төгілген,
Бар ма екен мұндай қаламгер?
Əуезов – ұлы періштем,
Ардақты аты əлемге.
Мұхтармен мақтан тек іштен,
Қазақтығыңа дəлел ме!?
Дүние жүзі тұр қарап,
«Абайдың жолы» - күшті ерлік!
Əуезові бар бұл қазақ,
Алланың мейірі түскен жұрт!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу