Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  100


Автор: Мылтықбай Ерімбетов

Эпилог

Жыл зулап, талай басты гүл даланы,
Ормандар, жолдар еске кімді алады?
Зоя батыр ерлігі – эпопея,
Бас иер оған ғасыр, жылдар əлі.
Елеусіз Петрищево – село. Мұнда
Ғасырдың сағаттары саналуда.
Дүниеге Зоя ерлігі, Зоя есімі
Сиқырлы құдіреттей таралуда.
Өлген жоқ! Сырласады ол жұлдызбенен,
Ол тірі! Ешкім нəзік гүлді үзбеген...
Өзіміздің аяулы батыр Зоя,
Ол əлі құрдас болып жүр бізбенен.
Ауысты алуан тағдыр, көп жыл өтті,
Есімі ойландырды, елжіретті.
Батырдың Отан сүйген жүрегі бар,
Түсіну керек бізге сол жүректі.
Ал өмір, өмір жолы жатыр алда,
Ол бізді сан ерлікке шақырар да...
Ұмытылған алға қарай əр ұрпақтың.
Зояға қайрылмасқа хақы бар ма?!
Сынақтан өте ала ма жан сүрінбей,
Адал бол, тазалығың болсын гүлдей.
Баладай тіршілікке қуана біл,
Отанның Зоя, Əлия, Мəншүгіндей!
Жырладым өткен тарих, ғұмырды өткен,
Жүрегін адамзаттың дірілдеткен.
Тоғызыншы Май сайын еске алады
Қызартып қысқа өмірдей гүлін көктем!
Ізін сап өткен жылдар сол араға,
Гүл шықты окопқа да, молаға да...
Қоладан ескерткіштер орнатылды,
Ол бірақ жүрек болып соға ала ма!
Көреміз əр алаңнан, əр қаладан
Ерлерді ел үмітін арқалаған...
Ендеше кел, сенейік жүректерге
Соғып тұрған əр белгі, əр қоладан!
Арнаған аз өмірін көп адамға,
Ерліктің салған ізі жоғалар ма?
Осылай дастан еттім жас өмірді,
Түйдім де өлең деген орамалға




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу