Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  95


Автор: Мылтықбай Ерімбетов

Барлауда

Қоштасып қол бұлғайды нəн қарағай,
Бұталар бұғынады дəл баладай.
Бағыттары – алғы шеп, барлаушылар,
Нарудан өтіп, жүрді алға қарай.
Бұл жердің білген əр шөп, əр тасын да,
Зоя жүр – отрядтың ортасында.
Петрищево селосы белгіленген
Командир Крайновтың картасында.
Аңыз қып айтқанменен енді ерлігін,
Ол кезде бейтаныстау елмен бұрын.
Білеміз тек əйтеуір жиырма адамға
Командир соншалықты сенгендігін.
Білді олар – жолда қауіп төнетінін,
Білді олар – жау қолынан өлетінін.
Білді олар – шабуылдың басталарын,
Ертең-ақ Жеңіс күні келетінін.
Білді олар – Отан айтып асқақ əнін,
Жеңгенше – талай көзден жас тамарын.
Білді олар – күні ертең-ақ Москваның
Түбінен ұлы шабуыл басталарын.
Білді олар бас кетерін, жан кетерін,
Қорғасты аянбастан жан мекенін.
Білді олар – жадың əрбір объектісін
Анықтау қаншалықты мəнді екенін.
Білді олар - Ұлы Отан мəңгі екенін,
Мəңгі Отанда – жүрудің сəнді екенін.
Əзірше алшаң басар туған елдің
Көп жері қарақшыда, жауда екенін.
Жолы емес – жан аяған, қорыққанның,
Жолы емес – түңілгеннің, торыққанның.
Тіліменен еш жеткізу мүкін емес
Қасіретін партизандық жорықтардың.
Қар кешіп, мұз жастанды кезінде олар,
Отан-Ана сенімін сезінді олар.
Су кешіп, белуардан батпақ кешіп
Қайтқан жоқ қан шайқастың өзінде олар.
Иық талып арқада нəн қаптардан,
Өтті олар миналанған алқаптардан.
Болашақ қасіретін дайындады
Аңдыған автоматтар əр қапталдан.
Түсіріп басқа қатер, жанға қысым,
Үзді олар немістердің байланысын.
Көпірге мина қойды, жолды бұзды,
Жаулардың əлсіретті қорғанысын.
Өзіне тəнті еткен кіл өзгені,
Ақ қарда өсіп шыққан гүл өздері,
Зоямен дос-ты Вера Волошина,
Егіздей ұқсас еді мінездері.
Зоя бұл – дəл атқарар əр істі де,
От жағып, бұта төсеп қар үстінде.
«Мұнда отыр, жылынып ал», - деп бəйек боп,
Жабады күпəйкені тағы үстіне.
Бар медет батқан күнде, атқан таңда,
Күлімдеп жанына мұң батқандарға,
Жыл су əзірлейтін осы екі қыз
Күзеттен тоңып, жүдеп қайтқандарға.
Өтсе де талай жылдар арайланған,
Өнеге бола бермек – талай заман!
Зоя – бұл – бір ұрпақтай қасиетті,
Өзі емес, өзгелерді көп ойлаған.
Жастық шақ – жайнап өскен гүл демей ме?
Тас тағдыр қатыгез ғой гүлге кейде.
Кезекті жаудың атыс ұясына
Партизандар үшінші күн дегенде.
Майданның шебін кесіп өтті жиырма!
Қан қатқан қабақтарға кетті жиырма.
Аңдаусызда атысқа ұшырады,
Ұшыраған шалғындай от құйынға.
Жағдайы отрядтың қиындаған,
Оқ көзсіз, өмір деген бұйым ба оған?!
Бойжеткен Зоя жүрді ортасында,
Он екі адам қалды жиырмадан.
Құстардай қанаттары күнде жанып,
Қатар да бара жатты мүлде азайып.
Кейбірі жараланды, əлсіреді,
Бір ысып, беті-жүзі бір бозарып.
Ешбірін жүрмесе де баласынып,
Қналған командирдің шарасы нық:
Жаралы ауруларды қайтарды ол,
Шебінен қан майданның əрі асырып.
Сақ қарап партизандар жан-жағына,
Тағы да қойды мақсат алдарына...
Барлауға кеткен Лида Клавамен
Түсіп қала жаздады жау қолына.
Түскен соң жау ізшілі соңдарына,
Ең соңғы күшті жиып бойларына,
Достарын жаудың тобы білмесін деп,
Сүңгіген қалың орыс орманына...
Жау тобы екі жасты ұстар барып,
Тістенген, жауап айтпай дұшпанға нық.
Қатерді достарынан алыстатқан,
Аузымен су тасыған құсқа айналып.
Отына қан майданның түсіп ерлер,
Пида етті жанын Отан үшін ерлер.
Бəрібір тапсырманы орындады,
Жаралылар, суыққа үсігендер.
Ерлікке белін буып дара бұлар,
(Орманда қалды достар – жаралылар).
Зоя қыз Петрищевоға келіп кірді,
Жанында жанғыш заты, наганы бар.
Куə боп, кейін айтар орман, аспан,
Гу етті қып-қызыл өрт жон-жонастан.
Деревняда өртенді бірнеше үй
Басқыншы жау əскері орналасқан...
Өрт тілі жалақтады көкке қарай,
Дұшпанның қылығына сот-дауадай...
Зояның ерлігіне бас шайқасты
Куə боп ақ қар, көк мұз, топ қарағай.
Ерліктің үлгісіндей қысқа, мəнді,
... Өмір де аяқталар тұсқа барды.
... Байқаусыз батыр қызды баскесер жау
Ұстап алды тек, əттең, ұстап алды!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу