Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  102


Автор: Мылтықбай Ерімбетов

Жаңа жыл

Соғыстың алды еді – жарты жыл-ақ,
Орнаған қатал қыстың тəртібі нақ.
Сокольники санаториінде бір қыз жүрді,
Қыс сұлу, ал қыз одан артығырақ.
Серуенмен көңілді өтіп жатыр күні,
Серігі – өңшең кітап, ақын жыры.
Гайдардың кітабында тамсантады
Кейіпкердің ерекше батырлығы.
Жас адам көзден оты ұшқындаған,
Лап етіп отқа айналған ұшқын – заман.
Оңашада өзінің дəптеріне
Жазатын алуан ойды ұшқыр қалам.
Сұлу қыз томсырайған ойда кілең,
(Он сегіз жүретін кез той қамымен).
Чеховтың сөзін жазды дəптеріне:
«Адамда бəрі əсем болғаны жөн».
Серігі күндізі мен кешінде өлең,
Ойлар жоқ қыз оңаша кешірмеген.
Горькийдің сөзін жазып жымияды:
«Адам! Бұл– ең ардақты есім!» деген.
Толғанып, өз жүрегін емдер өзі,
Толықсып он сегізге келген кезі.
Аркадий Петрович Гайдар да жүр,
Көргенде алғашқыда сенбеді өзі.
Таңданып екеуі де бір қарасты,
Бойжеткен жазушыға сырлар ашты.
Достасып, аз-ақ күнде əн шырқасып,
Коньки теуіп, шаңғымен сырғанасты.
Жазушы ақ қар, көк мұз қысты ұнатып,
Ақ адал, тура мінез қызды ұнатып,
Бойжеткен Гете жырын оқығанда,
Тыңдайтын көздері тек ұшқын атып.
Өткен күн естелікті жеткізеді,
Иеміз естелікке тек біз енді.
-Аркадий Петрович, Жаңа жылды
Жүріңіз, біздің үйде өткізелік...
- Рақмет ықыласыңа, Зоя жаным,
Жұмысты бірақ қалай қоя аламын?
Уақыт жетпейді ғой, - деп Аркадий
Ыңылдап баяғының қояды əнін.
Бойжеткен кешіп арман, ой бағатын,
«Гайдардай болсам ғой» деп ойланатын.
Келбеті, мінезіне қаныққандар,
«Арманшыл қыз», деп оның қоған атын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу